Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды

0 13

Президент ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.

– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына тоқталды.

– Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.

– Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бейбітшілік және ынтымақтастық саясатына еліміздің қашанда бейілді екеніне назар аударды.

– Өткен аптада Астанада ШЫҰ саммиті табысты ұйымдастырылды. Бұл маңызы зор шараның басты мақсаты мемлекеттер мен халықтар арасындағы диалогты, достық пен сенімді нығайту болды. Мұндай басымдықтар күллі спорт әлеміне де тән. Өйткені кез келген спорт сайысы, ең алдымен, ынтымақтастықты, алға ұмтылысты және адамдардың бірлігін көрсетеді. Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түседі. Ол – жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі.

– Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.

Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан бейнебайланыс арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Сондай-ақ іс-шарада бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова, дзюдодан Олимпиада ойындарының жүлдегері Елдос Сметов сөз сөйледі.