Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев юниорлар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, әлем кубогы жарысына қатысуға жолдаманы жеңіп алған гроссмейстер Қазыбек Нөгербекпен кездесті.
Шахматтан 20 жасқа дейінгі юниорлар арасындағы әлем чемпионаты 2-13 маусым күндері Үндістанның Гандинагар қаласында өткен болатын. Әлемдік біріншілікке 123 шахматшы, оның ішінде 13 гроссмейстер мен халықаралық 28 шебер қатысты. Қазыбек Нөгербек 11 раундта 8½ ұпай жинап, жаһандық доданың бас жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ отандасымыз әлем кубогы жарысына қатысуға жолдама жеңіп алды.
Министр Қазыбек Нөгербек пен Қазақстан шахмат федерациясының президентін әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады. Еліміз әлем чемпионын мақтан тұтатынын және біздің спортшылар алдағы уақытта да жаңа биіктерді бағындырып, қазақстандықтарды өз жетістіктерімен қуантатынына сенімді екенін жеткізді.
– Бұл – отандық шахмат спортындағы тарихи оқиғаның бірі. 1998 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Дәрмен Сәдуақасов бас жүлдеге ие болған еді. Енді, міне, араға 26 жыл салып тағы бір отандасымыз әлем чемпионатының тұғырына көтерілді. Чемпионатта топ жару жерлесімізге оңайға соқпағаны анық. Соған қарамастан жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен бүкіл командаға алғыс білдіремін, – деген Ермек Маржықпаев Қазыбек Нөгербекке Мемлекет басшысының Құттықтау хатын, министрліктің Алғысхатын табыстады. Оның жаттықтырушысы Ержан Жақсылықұлына жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.