Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әйгілі «Hilton» халықаралық желісінің жаңа қонақ үйі құрылысы аумағында капсула салу рәсіміне қатысты. «Шымкент сити» шағын ауданында бой көтеретін бес жұлдызды қонақүйді 2026 жылы ашу жоспарлануда.
Мегаполис басшысы қонақ үй кешенінің жобасымен танысып, оның құрылысын бастауды тапсырды. «Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. «Hilton» – әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақүй қаламызды толықтырып, туристер мен барлық қонақтар үшін тартымды етеді», деді Г.Сыздықбеков.
Қонақ үйде 167 бөлме, «ballroom», мейрамханалар, фитнес орталық және бірнеше конференц зал болады. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар қала әкімі ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйіне барды. Жобаны іске асыру нәтижесінде мұнда 30 жұмыс орны құрылған. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлме бар. Қонақтардың жайлылығы үшін қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц зал және автотұрақ қарастырылған.