1 қыркүйектен бастап мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізіледі

0 6

Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев министрлік балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар қабылдағанын айтты. 

Министрдің айтуынша, мектептерде 4 пән бойынша жалпы 38 сабақ қауіпсіздік тақырыбына арналған. Сонымен қатар биылғы оқу жылында 2 327 тиісті сынып сағаты ұйымдастырылды.

«Жаз мезгілінде барлық өңірлерде мемлекеттік органдар мен әкімдіктер өкілдерінің бірлескен мониторингтік топтары құрылды. Мониторинг топтар су қоймаларының жанында орналасқан қала сыртындағы 31 лагерлер мен 127 бассейндерді қауіпсіздік тұрғысынан зерделеді, оларға санитарлық бақылау күшейтілді. Жазғы демалысты ұйымдастырушыларға арналған балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында республикалық 3 семинар-кеңес өткізілді», деді ведомство басшысы

Ал, жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде 1-11 сынып оқушыларына, сынып сағаттары аясында апта сайынғы қауіпсіздік сабақтары енгізіледі.

Бұдан бөлек биыл осы тақырыпта сыныптан тыс 1852 интерактивті ашық сабақ және 1162 оқу-жаттығу өткізілді.

Бүгінде білім беру ұйымдарында 10476 қауіпсіздік бұрыштары орнатылған, 2800 «Жас құтқарушы» үйірмелері жұмыс істейді.

«Жалпы жазатайым оқиғалардың 95% шомылуға тыйым салынған жерлерде болады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер суға түсуге тыйым салынған және рұқсат етілген орындардың тізімін жаңартып, құтқару кезекшілігін ұйымдастырып, ескерту белгілерін орнату жұмыстарын күшейтуі қажет», деді Ғани Бейсембаев.