Әулиеатада әйелдер кәсіпкерлігі қанат жаюда

0 7

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп, БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Онда Әйелдер кеңесінің жұмысы мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту туралы айтылды.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Әбдіқадыров өз сөзінде палата өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап көрсетті. Палатада Іскер әйелдер кеңесі жұмыс істейді, оның негізгі міндеті әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Облыста әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 47 пайызды немесе 55,5 мың субъектіні құрайды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту шеңберінде Палата консалтингтік қызметтер көрсетеді, жаңа дағдыларға мамандандырылған оқыту жүргізеді. Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасын, «ТаразКожОбувь» ЖШС мысалында жеңіл өнеркәсіпте кластер құру бойынша шағын бизнес пен ірі бизнестің өндірістік кооперациясының пилоттық жобасын жүзеге асыруда және қолдауда.

– Мәселен, кәсіпкерлік қызметті сервистік қолдау және кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға ақпараттық-кеңес беру қызметтерін көрсету шеңберінде 2023 жылдың және 1-тоқсанның қорытындысы бойынша кәсіпкерлікпен айналысатын 2 мың әйелге 4 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Бұл ретте 125 әйелге бизнес-жоспар әзірлеуге 625 миллион теңге жұмсалды, – деді Айдар Әбдіқадыров.

Жалпы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, «Мен кәсіпкер» құралын іске асыру аясында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы тарапынан 672 әйелге 274 қызмет көрсетіліп, 398 кеңес берілді.

Сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін дамыту аясында Іскер әйелдер кеңесінің қатысуымен 2021 жылдан бастап «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – ауыл тұрғындарын сертификатталған және нарықтық тартымдылығы бар бірегей, жоғары сапалы аймақтық өнімді жасауға тарту. Жоба ең перспективалы өнімдерді анықтауға мүмкіндік береді. Ол негізінен азық-түлік өнімдері, ұлттық өнімдер және биоөнімдер. Биыл көрме шілде айына жоспарланып отыр, оған облыстың барлық аудандарынан 40-қа жуық кәсіпкер әйел қатысады деп жоспарлануда.

Әйелдер одағының төрайымы, «Anasym» кондитерлік-нан-тоқаш фабрикасының директоры Шолпан Қариева Қайратқызы алдағы уақытта Тараз қаласында өтетін, әйелдер арасындағы кәсіпкерлік белсенділікті қолдау мен дамытуға, тәжірибе алмасу және іскерлік байланыстар орнату үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған Кәсіпкер әйелдер форумы туралы айтты.

– Форум қатысушыларға шабыт алуға, идеялармен алмасуға және басқа кәсіпкер әйелдердің табысты істері туралы білуге ​​мүмкіндік береді. Бұл олардың кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыруға, аймақтағы әйелдер кәсіпкерлігін нығайтуға, олардың аймақтың экономикалық дамуындағы көрнекілігі мен рөлін арттыруға көмектеседі, – деді Шолпан Қайратқызы.

Сондай-ақ брифингте Жамбыл облысы «Ошпес мұра» қолөнершілер бірлестігінің басшысы Гүлнар Абдуллаева өңірдегі іскер әйелдердің жұмысымен бөлісті. Ол қазақстандық өндірісті дамыту мақсатында «ТаразКожОбувб» ЖШС-мен жасалған меморандумға тоқталды.

– Біздің тігіншілеріміз, көпбалалы аналар, ерекше балалы аналар, асыраушысыз қалған аналар үйде аяқ киімнің үстіңгі жағына дайындама тігіп, өндірістен қалған былғарыдан былғары бұйымдарын жасайды, өскелең ұрпақты кәсіпке баулыйды. Бұл үлкен жобаның артықшылығы аяқ киім өндірісіне әсер етеді, әсіресе үйден шықпай-ақ, отбасы-ошақ қасында болып, табыс тауып отырған аналар үшін тиімді! Ал қалдық табиғи тері тегін берілетіндіктен, қолөнершілер үшін үлкен көмек болмақ. Дайын былғары бұйымдары қалалық жәрмеңкелерде сатылып, отбастарына белгілі бір қаржылай көмек болады, – деді Гүлнар Исенбайқызы.