Ардагерлер ұйымы екі жобаны жүзеге асырып жатыр

0 6

Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, қазір екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Дәнекер» бастамасы қолға алынған. Оның нәтижесінде соңғы төрт жылда 6896 даудың 4563-інде тараптар істі сотқа жеткізбей келісімге келген. Ал мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Іскерлік және жанашырлық» жобасы қазір Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асырылуда.

Бұдан бөлек, Президентке ардагерлердің «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды жүзеге асыруға белсенді атсалысып жатқаны жөнінде баяндалды. Олар су тасқынымен күрес кезінде халықты сабырға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесуде Мемлекет басшысына мұнай-газ, ауылшаруашылығы салаларына, өңірлерде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және дін мәселесіне қатысты ұсыныстар берілді.