Жамбыл облысында «Өнегелі ұрпақ» апталығы басталды

0 22

Игі іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтуде.

Акция барысында  29 сәуір күні «Ассамблея бөбектері» ұранымен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов №18 балабақша тәрбиеленушілерімен бірге бейбітшілік пен келісімнің басты символы – Бәйтерек ағашының көшеттерін отырғызды.

Сондай-ақ, бұл күні облыстық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен аулаларды тазарту және абаттандыру, белсенді ұзақ өмір сүру орталығында гүл егу жұмыстары қолға алынса, Қордай ауданында жас бағбандарға арналған шеберлік сабағы, Жуалы ауданында халық жазушысы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағын жинау және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.

Игілікті іс-шара соңында өңір жастарының «Өнегелі ұрпақ» атты флешмобы өтті.

Бұған дейін «Киелі мекен» апталығы аясында Жамбыл облысында 60 тарихи-мәдени ескерткіштің, 143 саябақ аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Акция барысында Сарысу ауданында қола дәуіріне тиесілі – петроглиф табылды, оның тарихы 3,5 мың жылды құрайды.

Сондай-ақ «Жасыл аймақ» апталығы аясында 12350 ағаш көшеті отырғызылды.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері оған 27 мыңнан астам жамбылдық қатысып, мыңнан аса аула тазартылды. Оның ішінде 5222 кәсіпорын мен әлеуметтік нысанның аумағы абаттандырылып, арнайы полигонға 4280 тонна қоқыс шығарылды.