Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын дамыту мәселесі бойынша «Бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет», деген болатын. Президенттің бұл пәрменін, әсіресе еліміздегі жоғары оқу орындары сәтті жүзеге асырып отыр. Мәселен, күні кеше зерттеу мәртебесін алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің жерасты термос-жылыжайы жемісті жұмыс істеп келеді.
Бұл жылыжай өңірде алғаш рет ашылғандықтан, айтарлықтай жаңалық болды. Биология-география факультеті мұрындық болған жобаны өңір ғалымдары 15 жыл бойы ойластырып келген. Еліміздегі үшінші жылыжайдың ең бір ерекшелігі – Арқаның саршұнақ аязында ауа райы – 28 градус болса да, жер астындағы жылыжайдың температурасы +25 градусты көрсетеді.
Былтыр сəуір айында басталған құрылыс нысанын бас мердігер «Ck new city» ЖШС қыркүйек айында сапалы етіп салып берген. Жалпы аумағы 270 шаршы метрді құрайды. Ұзындығы – 45 метр, ені – 5 метр, тереңдігі – 6 метр. Жылыжай жер бетінен 80 см-ге шығып тұрады. Қалған бөлігі жылуды жыл бойына бір қалыпты сақтап тұру үшін жер астына орналастырылған. Еден мен қабырғалары қыс айларында температураны +5-10 градустан төмендетпей, жылы ауаны бірқалыпты ұстайды. Мұнда тұрақты температура – +20-25 градус. Өсімдіктерді қыста суықтан, жазда ыстықтан сақтайды. Ауданы – 270 шаршы метр. Енді қарбыз, орхидея, ағаш көшеттерін егеміз деп отыр.
Биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов ашылғанына бес ай болған жылыжай алғашқы қысын ойдағыдай өткергенін айтады. Осы уақыт ішінде гүлдер мен көкөністер отырғызылып, олар өнімін беріп үлгеріпті.
– Басында жер бетінен жылыжай салуды жоспарлағанбыз. Бірақ ол – эргономика тұрғысынан тиімсіз екенін түсіндік. Солтүстік Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттеу арқылы осындай жобаны дұрыс деп ұйғардық. Олардың климаты біздікіне ұқсас. Мұндай жылыжайдың Ұлытау облысында да бар екенін біліп, сонда барып, есептеулер жасадық. Жылыжай аяздың алғашқы сынағынан өтті. Көкөністер мен жас өскіндерді өсіріп қана қоймай, агротехнологияны дамыту үшін білім беру, зерттеу және өндіріс базасын құруға ниеттіміз, – дейді Серікболат Талжанов.
Мұнда өсірілген қияр, қызанақ секілді көкөніс түрлері университет асханасының кәдесіне жарап тұр. Ал гүлдер мен ағаш көшеттері университет аумақтарын көгалдандыру үшін, қаланың көркін ашу мақсатында өсіріліп жатыр. Жас өскіндерді өсіру жобасын осы университеттің түлегі, PhD Арайлым Серікбай табысты жүзеге асыруда. Ол өзінің бұл идеясын Қарағанды қаласы әкімінің грантымен жүзеге асырып жатыр. Екі жылға жуықтады, өнімдерін қаладағы сауда орындарына, екі асханаға жеткізіп жүр.
«Қарбыз тұқымын отырғыздық, өскіндер шықты. Болашақта басқа да бақша дақылдарын, күтімді талап ететін орхидеяларды өсіруге тырысамыз. Жас өскіндер мен көкөністерден студенттерге смузи дайындаймыз», дейді биотехнология және экомониторинг зерттеу паркінің жетекшісі Маргарита Ишмуратова.
Университет ғалымдарының алдағы уақытта кампус пен қаланы көгалдандыруда пайдаланатын өсімдіктерді көбейтпек ниеті бар. Сол мақсатта термос-жылыжайда Орталық Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген жеміс-жидек дақылдарының топтамасын қалыптастырмақ. Қазіргі уақытта жылыжай маңында 700-ден аса қылқанжапырақты және жалпақжапырақты өсімдіктер бар. 200 пирамидалық терек, 60 тал, сондай-ақ шырша, қайың, үйеңкі, алма ағаштары, долана, жабайы алма ағаштары өсіп тұр.
Озық технологиямен салынған мұндай жылыжай университеттегі биолог, биотехнолог мамандары, магистрант, докторанттарға оқу-өндірістік тәжірибе жинақтауға, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысу үшін кәдеге кәдімгідей жарайды.