Жетісудың жас дарыны

0 26

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл еліміздегі 100 дарынды балалардың қатарына кірген Ерасыл Жарқынұлын қабылдады. Жас дарын иесі Жетісу облысының орталығындағы ең озық білім шаңырақтарының бірі саналатын №14 орта мектеп-гимназиясында оқиды.

Ол жақында Қызылорда қаласындағы «EVEREST» баспа үйінің ұйымдастыруымен әр облыстың талантты ұл-қыздары, мектеп мақтаныштары жинақталған «Ұлағатты ұрпақ» атты кітабына еніп, «Жыл үздігі – 2024» төсбелгісінің иегері атанды. Осыған орай, шаһар басшысы Ернат Дүйсенбекұлы жыл үздігі Ерасыл Жарқынұлымен арнайы жүздесіп, алған марапатымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

 – Халқымызда «Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы» деген аталы сөз бар. Соған сай бүгінгі жас елдің ертеңі, ұлтымыздың болашағы. Ерасыл сіздің жеткен жетістігіңіз, алған марапатыңыз, ата-анаңызға, ұстаздарыңызға, жалпы біздерге зор қуаныш сыйлады. Біз сізбен мақтанамыз. Алда әлі бұдан да биік асуларды бағындырады деп сенеміз. Саған тек ғана толағай табыс тілейміз, – деді шаһар басшысы.

 Аталған энциклопедия ата-анасы мен ұстаздарының, оқу ордасының ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған дарынды ұл-қыздар жайлы жинақ. Білім нәрімен сусындап, спортпен айналысып, өнерімен өрге жүзіп жүрген Ерасыл Нұрлан бүгінгі таңда республика бойынша 100 дарынды балалардың қатарында. Ол астрономия, география және тарих ғылымдары жайында ізденгенді, әсіресе ғарыш әлеміне терең үңілгенді ұнатады. Болашақта әлемге танымал журналист, белгілі ғалым атанып, грек-рим күресінен спорт шебері болуды армандайды.