Алматыда бағдаршамның сары түсіне өткен көліктерге айыппұл салына ма?

0 6

Алматыда бағдаршамның сары түсіне өткен жүргізушілер “Сергек” камералары арқылы тіркеліп, айыппұл салына ма? Полиция пікір білдірді.

Тілшінің сауалына берген жауапқа сүйенсек, бұл заңбұзушылық Алматыдағы “Сергек” камерасына тіркелмейді. Алайда, оны полиция қызметкерлері байқаса, айыппұл салуы мүмкін.

“Қазір Алматыда “Сергек” желісінде бағдаршамның сары түсіне өту тіркелмейді, алайда бұл пилоттық жоба аясында жақын арада енгізілуі мүмкін. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің 5-тарауы 24-тармағы 3) тармақшасына сәйкес бағдаршамның сары түсі қозғалысқа тыйым салатынын естеріңізге саламыз. Сондықтан, бұл құқық бұзушылық полицейлердің назарына іліксе, жүргізуші бағдаршамның тыйым салатын түсіне өткені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін”, – деп түсіндірді Алматы полициясының баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Алматы көшелеріндегі “Сергек” автоматтандырылған кешенінде келесі заңбұзушылықтар тіркеледі:

жылдамдықты асыру;
тұтас сызықты кесіп өту;
қосарланған тұтас сызықты кесіп, кері айналу;
белгіленбеген жерде тұру/тоқтау;
бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту.

Сондай-ақ, пилоттық жоба аясында қауіпсіздік белдіктерін тақпау және жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерді өткізбеу тіркеледі.