Жақсылық жасауды өмірлік мұраты санаған ниеті ізгі, жүрегі жомарт таластық азаматтар 2021 жылы құрған «Қаратау» қайырымдылық қоры содан бері қанатымен су сепкен қарлығаштай көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді.
– Қайырымдылық дегеніміз – өзіңдегі бар жақсылықты, бақытты өзгемен шынайы әрі риясыз көңілмен бөлісе алу, материалдық тұрғыда болсын, моральдық тұрғыда болсын, бастысы шын ниетпен жасалынған әрбір қайырлы амал. Жақсылық жасау көмекке мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі деп білеміз. Жомарт жандар негізін қалаған «Қаратау» қайырымдылық қорының мақсаты да қиын жағдайға тап болған азаматтарға, ата-ананың қамқорынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, ауыр дертке шалдыққан, емдік шараларға зәру балаларға әлеуметтік және қаржылай көмек көрсету. Сонымен қатар тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы жанұяларға көмектесу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу де біздің мақсатымызға кіреді, – дейді қор жетекшісі Біржан Сахиев.
Айтса айтқандай қор аз уақыттың ішінде талай жанға қуаныш сыйлап, қажетін өтеуге көмек берді. Атап айтқанда қор мүшелерінің тікелей ұйытқы болуымен бүгінге дейін тұрғын жайға мұқтаж төрт отбасына баспана бақытын сыйлады. Бұл игілікті амалға 15 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалыпты. Бұдан бөлек «Асар» жобасы аясында Қаратау қаласындағы тұрмысы төмен үш отбасыға баспаналарын күрделі жөндеуден өткізуге демеушілік жасады. Атап айтқанда жеке тұрғын үйлердің шатырын жабу, сыртқы қоршауын тұрғызу, ауызсу кіргізу, жылу жүйесін жүргізу, ішкі жөндеу жұмыстарының толықтай атқарылуына атсалысты.
«Қаратау» қайырымдылық қоры атқарған ізгі амалдардың қатары ота жасатуға, дәрігерлік ем-шара қабылдауға берілген қаржылай көмек, мешіттер құрылысына материалдық көмек, Құраннан сауат ашу курстарына қажетті оқулықтар мен Құран үйретуші ұстаздарға ай сайынғы жалақы беру, тұрмысы төмен 200-ден аса жанұяға азық- түлік түрінде көмек беру сияқты істермен жалғаса береді. Мысалы, аталған қордың ұйымдастыруымен өткен жылы Көктал ауылындағы мектепке, Қаратау қаласындағы спорт мектебіне керекті спорттық жабдықтар алынған. Қор мүшелері әр жұма сайын қала дүкендерінде тегін нан таратып, жұма күндері қала маршруттарында тегін жол жүру акцияларын ұйымдастырады. Ал «Балаларды қорғау» күніне орай тегін балмұздақтар таратып, балдырғандарға қуаныш сыйлап жүр. Ерекше күтімді қажет ететін оңалту орталығындағы балаларға сыйлықтар үлестіріп, олардың жанына жылу, жүректеріне мейірім шуағын себуде. Қордың ерікті мүшелері Қаратау қаласындағы қарттар үйіне де арнайы барып, қарияларға арнап дастарқан жайып, сый-сияпат жасап жүр. Қаладағы жеке тұрғын үйлердің шатырын жабуға көмек беріп жүрген қордың атымтайжомарттары бүгінге дейін осы мақсаттарға 24 млн теңге көлемінде қаражат жұмсаған. Қасиетті Құрбан айт мерекесінде орталық мешітте дастарқан жайылып, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктер таратылған болса, Наурыз мерекесінде спорттық жарыстар ұйымдастырылған. Қайырымдылық шарасы аясында үш ірі қара, 61 қой құрбандыққа шалынып, еті тұрғындарға үлестірілген. Қыс айларында «Таза қала» мекемесінің жұмысшыларына жылы шұлықтар, ыстық шәй мен тәтті тоқаштар таратып, қарапайым еңбек адамдарына жан жылуын сыйлады. Жуырда қайырымдылық қоры Қаратау қаласы тұрғындарының атсалысуымен зілзаладан зардап шеккен Түркия еліне азық-түлік пен тұрмысқа қажетті жабдықтар түрінде гуманитарлық және 500 мың теңге көлемінде қаржылай көмек жіберді.
– «Қаратау» қайырымдылық қорына қаржылық көмекті қормен ерікті түрде келісімге отырған тұрақты салымшылар, арнайы демеуші компаниялар және еріктілер біздің реквизиттерге аударып тұрады. Осындай мейірімді жандардың, көптің көмегінсіз қордың атқарған жұмыстарының ауқымы мұншалықты кең болмас еді. Алдағы уақытта қайырымдылық шараларын қала аумағында ғана емес, аудан көлемінде жүргізсек деген ниетіміз бар, – дейді Біржан Ержанұлы.