«Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы мемлекеттік кірістер (салық) органдарының кәсіби мерекесіне орай жамбылдық сала ардагерлерін ұлықтауға арналған салтанатты отырыс өткізді.
Жиынға ұзақ жылдар осы саланың ыстық-суығына төзіп, адал еңбек еткен 25 ардагер қатысты. «Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалының директоры Әділбек Әлішев өзінің мерекелік құттықтау сөзінде тәуелсіздігіміздің елең-алаңында Қазақ елінің дербес салық органдарының қалыптасуына атсалысқан, бар қажыр-қайратын, білімі мен білігін мемлекет қазынасын толтыруға арнаған салық қызметінің ардагерлеріне ақ тілегін жеткізді. «Тәуелсіздігіміздің 30 жылында еліміз қол жеткізген толымды жетістіктерде Сіздердің де толағай үлестеріңіз бар. Біз сіздерді жауапкершілігі зор, жұмысы ауыр саланың ыстық-суығына төзіп, өзіңізге артылған міндетті абыроймен атқарған, ұжымдастарының, жалпы жұртшылықтың құрметіне бөленген білікті маман, ел игілігі жолында қажырлы еңбек еткен Отанымыздың нағыз патриоттары ретінде білеміз әрі құрмет тұтамыз.
Ұзақ жылдар салық саласында жемісті еңбек еткен Сіздер бүгінде сол бейнетінің зейнетін көріп отырған құрметті зейнеткерсіздер. Бірақ зейнеткермін деп қарап отырған жоқсыздар, қоғам өміріне белсене араласып, кейінгі толқын жас мамандарға өмірлік мол тәжірибелеріңізді бөлісіп, тәлімгерлік жасап келесіздер», – деді филиал директоры.
Салтанатты жиынға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Уәлихан Әлібеков қатысып, құттықтады. Облыстық Ардагерлер ұйымының бөлім басшысы Қонысбай Ильясов белсенді төрт ардагерге Алғыс хат тапсырды. «Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті Алданыш Нұрымов – 7 ардагерді, филиал директоры Әділбек Әлішев – 6 ардагерді марапаттады. Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Келесов те салық арагерлеріне деген ақ тілегін жеткізді.
Дастарқан басында ұйымдастырылған, емен-жарқын жағдайда өткен басқосуда салық саласының ардагерлері өткенді еске алып, алдағы уақытта Салық органдарының беделі мен абыройы жоғары болу керектігі туралы және оның жұмысын насихаттау туралы ойларын бөлісті.