Асыл тұқымды мал ұрлағандар ұсталды

0 13

Облыс орталығының 38 жастағы тұрғыны  полиция бөліміне әрқайсысының құны 750 мың теңге болатын асыл тұқымды үш сиырының ұрлағаны туралы шағымданып келді. Ер адамның айтуынша, сиырларды ағымдағы жылдың ақпан айында белгісіз біреулер Алғабас ауылының маңындағы жайылымнан алып кеткен. Келтірілген шығынның жалпы көлемі  2 250 000 теңгені құрайды.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері Тұрар Рысқұлов ауданының 23 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам кінәсін толық мойындады. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің   188-1-бабы 3-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Жалпы жыл басынан бері тәртіп сақшылары облыс аумағында мал ұрлығының 33 дерегін тіркеді. Осыған байланысты облыс Полиция департаменті азаматтарға шаруашылықтарындағы малдың қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуді және малдарын   иесіз жаюға жол бермеуді ескертеді.