Жуалы ауданындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясында «Адал азамат – ел болашағы» тақырыбында әскери патриоттық форум өтті. Оған аудандық полиция бөлімінің басшысы Сабит Мұсабекұлы, Ауған соғысының ардагері Ерғали Тілеубеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, №91678 әскери бөлім командирінің орынбасары Қыдыралі Нысанбайұлы, аудандық сот төрағасы Бабырхан Бекболатұлы, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы Жеңіс Асқарұлы, Желтоқсан оқиғасының куәгері Қанат Жарасұлы және әскери борышын шет мемлекетте өтеген Нұрсейіт Рахманұлы қатысты.
Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, елге қызмет етудің маңызын ұғындыруға бағытталған форум тағылымды алаңға айналды. Келелі жиынды мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов ашып, қонақтармен таныстырды. Музыка пәнінің мұғалімі Баян Нұрманова дайындаған домбырашылар үйірмесінің оқушылары «Рух» күйін мәнеріне келтіре орындады. Ал мектептің «Жас сарбаз» клубының мүшелері Мемлекеттік Туды алаңға алып шығып, мемлекеттік Әнұранды орындады.
Мектептегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айман Омарова мектеп-гимназиясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен және «Эстетикалық пәндер» бірлестігінің дайындаған «Ұлттық құндылықтар» бұрышымен таныстырды. Сондай-ақ жас сарбаздар «Буккросинг» бұрышындағы есімдері елімізге белгілі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның кітаптарымен таныстырып, мазмұнын айтып берді.
Форум қатысушылары 2 «Б» сыныбында патриоттық тақырыпта өткен сынып сағатына қатысты. Ал Көркем эстетикалық пән мұғалімдері форум қатысушыларымен бірге гипспен ұлттық бұйымдарды жасады.
Осыдан кейін негізгі іс-шара мектептің акт залында жалғасын тапты. Мұнда форум қонақтары өз өмір жолымен, еңбектегі табыстарымен бөлісіп, жастарды еңбекке шақырды, Отанының патриоты болуға үндеді. Мектеп оқушылары және танымды кештің жүргізушілері Арман Әбдіжаппар мен Салтанат Әжібекова Ауған соғысы мен шет елде әскери борышын өтеп келген форум қатысушыларына сұрақтар қойды. Олар өз сөзінде ерлік, Отанды қорғау батылдықтың белгісі екенін, әскерде қызмет ету төзімділікке үйрететінін, ондағы жаттығулар шыңдап, шынықтыратынын айтты. Әрбір азаматтың парызы отанға қызмет ету екенін жеткізді.
Кеш барысында шет елде азаматтық борышын өтеп жүріп қаза болған жауынгерлерді үнсіз бір минут еске алды. Мектеп оқушыларының орындауында «Ауғанстан ардагері» әні орындалды. Сондай-ақ «Мен де ел қорғайтын азамат боламын» атты тақырыпта қойылған сахналық қойылым көрермен назарына ұсынылды. Жас сарбаздар клубының оқушыларының орындауындағы «Жекпе-жек» биі көрерменін бірден баурап алды.
Осыдан кейін «Жас сарбаздар» клубының мүшелері форум қатысушылары алдында Ант қабылдады. Жас сарбаздарға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ақ батасын берді.