Жаңғыртылған теміржол вокзалдары ел игілігіне берілді

0 2

Атырау облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жуырда Доссор және Мақат кенттері мен Сағыз ауылында күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалдарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңартылған вокзалдардың сыртқы келбеті толықтай жаңарып, ішкі инфрақұрылымы заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Күту залдары кеңейтіліп, жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген.

Бұл жұмыстар Үкімет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен Атырау облысының әкімдігі өңірдегі тоғыз теміржол вокзалын жөндеу және жаңғырту жобаларын бірлесіп іске асырып келеді.

Атырау магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Аралбай Қосымбаевтың айтуынша, бүгінгі күні Аққыстау, Ганюшкин, Сағыз, Мақат және Доссор теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Ал Жамансор, Мұқыр және Исатай вокзалдарын тамыз айында ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар Атырау теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары қазан айында аяқталмақ. Құлсары қаласындағы вокзалдағы жөндеу жұмыстары да соңғы кезеңге жеткен.

– Алдағы уақытта өңірдегі өзге де теміржол вокзалдарын кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасады, – деді Аралбай Қосымбаев.

Жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы «Вокзал шаруашылығын жаңғырту дирекциясы» құрылған. Дирекция құрылыс және жөндеу жұмыстарының белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуін бақылап, нысандардың техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізеді.

Қазіргі таңда Атырау облысында барлығы 16 теміржол вокзалы жұмыс істейді. Өңірдегі вокзалдарды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, теміржол көлігі инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуға және тұрғындардың жол жүру қолайлылығын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.