ӘЛІ ДЕ КӨЗ АЛДЫМДА сол бір жылдар

0 2

Чернобыль апаты – адамзат тарихындағы ең ауыр ядролық апаттардың бірі. Ол 1986 жылы 26 сәуірде Украина аумағындағы Чернобыль  атом электр станциясында болған. Осы апаттың салдарынан көптеген адамдар радиацияның зиянды әсеріне ұшырап, денсаулықтарына айтарлықтай зиян келді. Сол себепті бұл өңір толықтай адамзатқа қолайсыз аймаққа айналды.

Чернобыль апаты кезінде көптеген ер азаматтар өз өмірлерін қауіпке тігіп, ерлік көрсетті. Сол бір оқиғаның куәсі болып, оқиғаға ерлікпен қатысқан ауданымыздың тумасы, құрметті азаматы Әлібек Зетқұлов.

Әлібек Байқожаұлы 1966 жылы 18 шілдеде Меркі ауылында дүниеге келген. 1973 жылы №18 Калинин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, сабағын үздік оқыған. Мектепті үздік аттестатпен бітірген. Сөйтіп, 1981 жылы Алматы қаласындағы құрылыс техникумына оқуға түсіп, техник-құрылысшы мамандығын аяқтап шығады. Осы жылдың мамыр айында Белоруссия мемлекетіне әскерге шақырту алады. Барған соң бастапқы алты ай арнайы оқу дайындық орталығында болып, кейін Украина мемлекетіне өтіп, Отан алдындағы борышын өтейді. Осы уақытта 1986 жылы 26 сәуірде Чернобыль атом электр станциясында апат болып көптеген әскерлерді сол жерді залалсыздандыруға жібереді. Сол жіберілген әскердің қатарында  Әлібек аға да болған.  Барған күннен бастап екі ай үздіксіз байланыс орталықтарын қарауылдап, электр станцияларын тексеріп ұйқысыз түндерді бастан өткереді.

Әлібек Байқожаұлының өз әңгімесінде, апат болып жатқанда көз алдымызда өте көп  адамдар өте ауыр халде жатты, тіпті, көптеген отбасылар үйлері мен жинаған мүліктерін тастап қашуға мәжбүр болды. Кейбір отбасыларды басқа жерлерге көшірді.  Сол уақытта біз қолымыздан келгенше тұрғындарға көмектесіп жаттық. Бірақ, ол жерде қызыл жалынды өрт бет қаратпайтындай дәрежеде болып жатты. Қап-қараңғы түнде көптеген өрт сөндірушілер  мен құтқарушылар  келіп  өртті сөндіре алмай әбден әбігерге түсті. Әр жерде қиналып жатқан адамдар, шырылдаған балалар болды. Бұл көрініс кітапқа аты қанмен жазылғандай өшпес оқиға болды деп терең күрсіне есіне алды.

Атышулы Чернобль оқиғасы аяқталып Әлібек аға елге аман-есен оралады. Сөйтіп құрылыс саласына инженер болып, жүргізуші болып біраз жыл қызмет істейді. Кейін аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөліміне жұмысқа қабылданып, сол жерден қырық бес жасында обыройлы ерен еңбегімен зейнетке шығады. Сонымен қатар, батыр ағамыз осы айтылған еңбектің нәтижесінде көптеген марапаттар мен төс белгілерге де ие болған.

Әлібек Байқожаұлы зейнетке шығып отбасылық кәсіп ашады. Көптеген керекті техникалық құрылғыларды сатып алып сабын шығарып, барлық дүкендер мен үлкен сауда орталықтарына тасымалдайды. Осылайша, ауданға үлкен септігін тигізіп жүрген бірден-бір кәсіпкерге айналады.  Қазақта Отан – отбасынан басталады деген жақсы сөз бар. Әлібек аға осы айтылған сөздің басты себепкері десек те болады. Себебі, өмірлік жары Айдаркүл Зетқұлова екеуі екі ұл екі қызды тәрбиелеп, өмірдің нағыз қиындықтарын бастарынан кешірген үлкен бақытты отбасы. Қазіргі таңда Әлібек аға мен Айдаркүл жеңгеміз осы өсірген ұл қыздарынан он бір немере сүйіп, ақ сақалды  ата мен ақ жаулықты апа болып отырған жайлары бар.

Білегін сыбанып адал қызмет еткен адам – елінің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін өз өмірінен жоғары қоятын, халқына адал қызмет ететін тұлға. Мұндай адамдардың ерлігі мен еңбегі әрқашанда құрметке лайық болу керек.