Ұлттық тұжырымдамада көзделген көрсеткіштерге қол жеткізілген

0 10

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен шаһар аумағындағы денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы бойынша кеңес өтті.

Онда шаһардағы емханаларға жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Парида Мамедова баяндады.

– Қала әкімінің қаулысына сәйкес, 2024 жылдың 22 ақпаны мен 1 наурызы аралығында облыс орталығындағы 9 емханаға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша барлық медициналық нысанда денсаулық сақтаудың ұлттық тұжырымдамасында көзделген барлық көрсеткіштерге қол жеткізілгені белгілі болды. Сондай-ақ барлық емханада болашақ орта медицина қызметкерлеріне тұрақты түрде тренингтер өткізуге арналған Саламатты өмір салты кабинеттерінің бар екені анықталды. Сонымен қатар №2 қалалық емханада жастардың денсаулығын қорғау орталығы да жұмыс істейді. Бұған қоса №2,8,7,1, 5 емханаларда скринингтік тексерістер мен қатерлі ісіктердің алдын алу жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Емхана дәрігерлері өз аумағындағы тұрғындармен ерте жүктілік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид бойынша түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізуде. Сонымен қатар №7, №5 және №1 емханалардың қызметіне науқастардың көңілі толатыны анықталды. Дегенмен, №9, №3 және №8 емханаларда бұл бойынша бірқатар мәселелер бар, – деген Парида Иманжанқызы саладағы бірқатар жайттарды да жіпке тізді. Оның сөзінше, түсіндірме жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуіне байланысты «Садыхан» және «Almaz Medical Group» емханалары қызылшаға қарсы екпе салуда жоғары нәтижеге қол жеткізе алмаған. Бұған ата-аналардың діни сенімі, екпе жөнінде тарап жатқан түрлі жалған ақпараттар да себеп болып отыр. Бұған қоса Тараз қаласында әлеуметтік медициналық тұрғыда сақтандырылмаған тұрғындардың саны 78680 адамды құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8366 адамға аз.

Емханалардың бас дәрігерлері медициналық нысандардың ауласына автотұрақ салу, жолдарды жөндеу, емдеу орындарында мүгедектігі бар азаматтарға арнайы палата ашу сынды мәселелерді көтерді.

Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы басты мақсат тұрғындар денсаулығын сақтау екенін баса айтты.

– Сіздердің көтерген мәселелеріңіз орынды. Әсіресе, автотұрақ салу мәселесі талай уақыттан бері көтеріліп келеді. Бұл бойынша да тиісті жұмыстарды қолға алудамыз. Бірер уақыттың бедерінде қала аумағына 14 елді мекен қосылады. Ал бұл өз кезегінде емханаға келушілердің санын арттырып, олардың жүктемесін көбейтеді. Сондықтан әрбір тұрғынға қолайлы жағдай туғызуға тиіспіз. Ол үшін өздеріңіз айтқан мәселелерді дер кезінде шешу маңызды. Өкінішке қарай, кейбір емханалар мен әкімдіктің арасында тығыз байланыс орнатылмаған. Салдарынан емханалардың қызметіне шағымданып, әкімдікке қайырылатындардың қарасы аз емес.

Тағы бір айта кетерлігі, қаланың шет аумақтарын қамтитын шаһарда жарақаттарды емдейтін тағы бір пункт ашу қажеттілігі туындап отыр. Бұл да күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін мәселелердің бірі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.