Волейбол алаңында Ауған соғысы ардагерлері

0 5

Ауған соғысы ардагерлері арасындағы X республикалық волейбол турнирі Ақтөбе қаласында өтті. Оған еліміздің әр өңірінен жүзге жуық спортшы қатысты. Аталған турнирді облыс әкімі Асхат Шахаров пен «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ашып берді.

Турнир алдында қатысушылар Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтына барды. Олар батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлігіне тағзым етті. Турнирге қатысушыларға арнаған сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров интернационалист жауынгерлердің тарихи жадыны сақтаудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті.

– Ауғанстаннан әскердің шығарылғанына 37 жыл өтті. Осы уақыт ішінде жаңа буын өсіп жетілді. Алайда интернационалист жауынгерлердің ерлігі мен батырлығы ешқашан ұмытылмайды. Сіздердің жасаған ерлігіңіз, әскери антқа адалдығыңыз және Отан мүддесін қорғауға әрдайым дайын болғаныңыз – шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихи жадыны сақтау, халық бірлігін нығайту және жастарды елге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу мәселелеріне аса көңіл бөліп келеді. Бұл құндылықтар еліміздің Ата Заңында да айқын көрініс тауып, Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілік бекітілген. Бүгінде сіздер өз өмірлік тәжірибелеріңізді жас ұрпаққа жеткізіп, азаматтық жауапкершілік пен Отан тарихына құрмет сезімін қалыптастыруға зор үлес қосып келесіздер. Елге адал қызмет ететін нағыз патриоттың қандай болуы керегін өз істеріңізбен көрсетіп жүрсіздер. Бұл турнир – спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар майдандас достардың бас қосып, достық пен бірлікті нығайтатын, жауынгерлік бауырластық дәстүрін жалғастыратын маңызды алаң. Барша қатысушыға зор денсаулық, бақ-береке, әділ бәсеке, жарқын жеңістер және жарыстың табысты өтуін тілеймін, – деді облыс әкімі.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев турнирге қатысушыларды құттықтап, бейбітшілікті, тәуелсіздікті және патриоттық құндылықтарды сақтаудың маңызына тоқталды.

– Еліміздің ең басты байлығы – бейбітшілік пен тыныштық. Жауынгерлік жолдан өткен батальон командирі ретінде мен әскери анттың, ерліктің және борышқа адалдықтың қадірін жақсы білемін. Сіздердің өмір жолыңыз – жас ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің үлгісі. Отанды сүю – тек сөз емес, оның мүддесін қорғауға және халқына адал қызмет етуге дайын болу. Осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіріңіздер. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – өскелең ұрпақтың қолында, – деді Бақытжан Ертаев.

Бұдан кейін турнир Ақтөбе мұнай-газ колледжінің спорт залында жалғасын тапты. Турнирге Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен еліміздің өзге өңірлерінен келген 12 команда қатысты.

Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің заңды тұлғалар бірлестігінің орталық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаевтың айтуынша, бұл турнирдің басты мақсаты — жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге баулу және салауатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ жас ұрпақты нашақорлық, құмар ойын сияқты зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру.

Республиканың әр өңірінен келген ауған соғысы ардагерлерінен құралған командалар алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Екі күнге созылған республикалық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.