Ерекше жандар үшін спорттық үйірмелер ашылды

0 4

«Біз де адамбыз» қоғамдық қоры мен «Құлсары қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бірлескен жобасы аясында Жылыой ауданында алғаш рет мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорттық үйірмелер ашылды. «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиеваның айтуынша, жаңа үйірмелердің ашылуы мүгедектігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына, саламатты өмір салтын қалыптастыруына және кәсіби спортқа жол ашуға мүмкіндік береді.

Ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, «Мүгедектер спорт клубы» ұйымының жетекшісі Есенгелді Пазылғалиев, «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар мен олардың жақындары қатысты.

– Соңғы жылдары Жылыой ауданындағы мүгедектігі бар азаматтардың спортқа қызығушылығы айтарлықтай артты. Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бұл бастама жүзеге асты. Енді аудан тұрғындары аталған спорт түрлерімен кәсіби деңгейде айналысып, өз мүмкіндіктерін толық көрсете алады. Бұл олардың жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашады деп сенеміз, – деді Гүлназ Қосмурзиева.

Ал «Мүгедектер спорт клубы» ұйымының жетекшісі Есенгелді Пазылғалиевтің айтуынша, жаңа үйірмелердің ашылуы аудан тұрғындарының шеберлігін шыңдап қана қоймай, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жуырда өткен Қазақстан Республикасының пара-теннис чемпионатында атыраулық спортшылар Жұмабек Жұмалиев пен Аслан Митанов күміс жүлдеге ие болса, боччадан өткен республикалық турнирде Гүлзира Мұратқызы қола жүлдені жеңіп алды.