«Үміт» мектеп интернатында спорт алаңшасы ашылды

0 1

Өз ісіне берілген, жұмысына адал жандар болады. Олар ешқашан атқарған еңбегін алға тартып міндет артпайды, керісінше орындауы тиіс ортақ шаруа санайды. Аяулы ұстаз, ардақты әке Бекбота Тапелов сондай санаулылардың санатынан болатын.

Бекбота Кәрібозұлының 15 жылдан астам ғұмыры Талас ауданындағы «Үміт» мектеп интернатымен байланысты. Қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға дене тәрбиесі пәнінен сабақ берді. Көргені мен көңілге тоқығаны көп ұстаз тек берілген оқу бағдарламасының аясында қалған жоқ, сыныптан тыс жұмыстар жүргізіп, тағдырдың ауыртпалығын ерте тартқан балаларды қайраттандырып, қуаныш сыйлады.

Мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері арасында тоғызқұмалақ, асық оның ішінде шекемтас ойындарын үйретіп, түрлі деңгейдегі жарыстарға бастап барды. Жанкешті ұстаздың мұндай қадамы жеміссіз қалған жоқ. Балалар артқан сенімді ақтап, жоғары нәтиже де көрсете білді. Ұстаздың сондағы бар мақсаты балаларды жігерлендіру, мүмкіндігінше жүріп-тұрып кетуіне ықпал ету еді. Арасында мұндай тәрбиеленушілер де кездесті. Бекбота Кәрібозұлының бар қуанышы, бар тілеуі де сол болатын. Балаларға арнап мектеп-интернат ауласынан спорт алаңшасын соғуды армандап кетті. Тіпті болашақ нысанның орнын белгілеп, оның құрылысы үшін аз тер төккен жоқ. Қаладағы кейбір мекемелермен келісіп, алаңды тегістетті, топырақ төсетті. Бірге жұмыс жасаған әріптестері мұндай жұмыстарды демалыс уақытына қарамастан атқара беретіндігін айтады. Алайда, дауасыз ажал басталған істі аяқтатпады.

Биыл  «Үміт» мектеп-интернатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта, орны белгіленген осы алаң да назардан тыс қалған жоқ. Тиісті жұмыстар жасалып, қазір бұл жер жасанды көгал төселген, көзтартар көрікті нысанға айналды.

Жақында ұстаздар мен балалардың көптен күткен спорт алаңшасы пайдалануға ұсынылып, оған Бекбота Тапеловтың есімі берілді. Айтулы іс-шараға мекеме ұжымы және онда білім алып жатқан тәрбиеленушілер мен марқұмның отбасы, туған-туыстары жиылды.

Іс-шараның  ашылу салтанатында «Үміт» мектеп интернатының директоры Айгүл Кашкеева:

– Аяулы ұстаздың мекеме және балалар үшін жасаған еңбегін ескере отырып, №5 педагогикалық кеңесте спорт алаңшасына Бекбота Тапеловтың есімін беру туралы шешім шығардық. Жалпы Бекбота Кәрібозұлы оқушылардың бейімделуіне, тұлғалық дамуына аз үлес қосқан жоқ. Осы ауланы спорт алаңына айналдыру үшін көп еңбектенді. Өкініштісі сол, бүгінгі қуанышты көзімен көре алмай кетті, – деді.

Марқұмның бауырлары Ербота, Балбота, Айбота Тапеловтар, Алпыс Исабаев  және жұбайы Күнімай Исабаева марқұмның табиғи болмысы мен адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Сонымен қатар  дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Людмила Поважная, Манат Ақшалова әріптесінің кісіге адалдығын, іске табандылығын  алға тартып, естеліктерімен бөлісті.  Мектеп-интернатта білім алып жатқан балалардың арнайы әзірлеген би және әндері ұсынылды.

Іс-шара соңында Бекбота Тапеловтің есімі жазылған тақшайшаның лентасы салтанатты жағдайда қиылды. Мұнан соң көпшілікке дәм ұсынылып, марқұмның рухына Құран бағышталды.

Бұл күні мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында эстафеталық жүгіру, тоннельден өту, мерген, кедергілерден секіру және паравоз сынды спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.