Дәстүрлі қолөнер шеберлеріне 5 миллион теңгеге дейін грант беріледі

0 4

Қазақстанда дәстүрлі қолөнер мен ұлттық өнерді сақтауға және дамытуға бағытталған «Халық қолөнері және бейнелеу өнері мектебі» жобасы басталды. Жоба аясында қолөнер шеберлеріне 5 миллион теңгеге дейін грант беру жоспарланып отыр.

Гранттар дәстүрлі қазақ қолөнерін сақтауға, дамытуға және шеберлердің шығармашылық жобаларын қолдауға бағытталады. Оған  жойылып кету қаупі бар, сақтауды және одан әрі дамытуды қажет ететін сирек кездесетін әрі бірегей дәстүрлі қазақ қолөнер шеберлері қатыса алады. Грант иегері атанған шеберлер «Халық қолөнері және бейнелеу өнері мектебі» аясындағы білім беру бағдарламаларына қатысып, Қазақстан жастары мен мектеп оқушыларына шеберлік сабақтары мен практикалық дәрістер өткізеді. Осылайша жоба дәстүрлі қолөнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына жағдай жасайды.

Аталмыш жобаның ерекшелігі – халық қолөнерін тек мәдени мұра ретінде қарастырып қана қоймай, оны оқыту мен тәжірибе арқылы балалар мен жастарға жүйелі түрде үйретілетін білім жүйесі ретінде дамытуында.

Креативті индустрияларды дамыту қоры гранттық қолдауға қатысу үшін халық қолөнері шеберлерінен өтінім қабылдау жүріп жатқанын хабарлайды. Өтінім 2026 жылғы 31 мамырға дейін электронды форматта қабылданады. Қатысу үшін https://forms.gle/WVgqgQhLW77dEnJi7 сілтемесі арқылы электронды форманы толтырып, портфолио ұсыну қажет. Портфолио келесі форматтардың бірінде қабылданады: Instagram-парақшаға сілтеме, бейневизитка, PDF форматындағы презентация, жұмыстардың фотосуреттері немесе жүзеге асырылған жобалардың тізімі.