Тұтынушы құқығы тұрақты назарда

0 0

Сауда салалары бойынша ең көп шағым бөлшек, электрондық саудада, тұрмыстық қызмет көрсетуде және тұрғын үй коммуналдық шаршуашылығында байқалады. Бұл көрсеткіш бір жағынан тұтынушылық мәдениеттің артқанын көрсетсе, екіншіден өз ісіне жауапсыз кәсіпкерлік қызметінің көбейгенін көрсетеді. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша 2026 жылдың I тоқсанында департаментке 491 өтініш түскен. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 83 өтінішке артық.

– Сауда қызметі саласы бойынша есепті кезеңде 39 өтініш түсті, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 88 өтінішке аз. Түскен өтініштердің жалпы санынан 452 өтініш тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына қатысты. Бұл 2025 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 173 өтінішке артып отыр. Департамент тұтынушылардың өтініштері негізінде 43 тексеру жүргізді. Атап айтсақ, сауда саласында – 37 тексеру (негізгі себеп: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің көтеріп сатуы), тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында – 6 тексеру (себептері: тұтынушының шағымына жауап бермеу, тауарды айырбастаудан қайтарудан бас тарту). Ал Тараз қаласында орналасқан бірнеше ірі сауда желілеріне тұтынушылардың өтініштерінің негізінде, сөредегі баға, кассадағы бағамен сәйкес келмеуі бойынша ағымдағы жылдың 1-тоқсанында жоспардан тыс тексеріс ашылып, аталған ірі субъектілеріне департаментпен 2595000 айыппұл салынды, – дейді ол.

Облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсімін дер кезінде анықтау мақсатында, департаментпен дүкендерге, маркеттерге, сонымен қатар әлеуметтік желілерге аптасына екі рет мониторингтар жүргізіліп отырады. Егерде, мониторинг барысында, бағаның ресми статистика бағасынан асып отырғаны байқалса, аталған кәсіпкерлерге «Сауда саласын реттеу туралы» заңнаманың талаптары түсіндіріліп, оны жөнге келтіру жұмыстары шұғыл атқарылды.

Аталаған жұмыстар Департаменттің және Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайттарында жарияланып отырады. Тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Департамент кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізілуде. Атап айтсақ, әлеуметтікжелілерде (Instagram, Facebook) – 561, өңірлік БАҚ-та – 16, ҚТҚҚ сайтында – 4, басқа сайттарда – 2 мақала жарияланған.