Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Алғашқы болып қабылдауға кірген Ақсу ауданы Көлтабан ауылының тұрғыны Мұрат Рахимов жайылым мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Көлтабан мен Көшкентал ауылдарының малына жайылым ретінде қолданылып отырған 4 мың гектар жердің 2 мың гектары Үкіметтің қаулысымен «Қапал» орман шаруашылығына берілген. «Қазір де орман шаруашылығының келісімімен малымызды сол жерге жайып жүрміз. Бірақ, алдағы уақытта мекеме жерді өзге біреулерге жалға беретіндей болса, жайылымның жайы не болады?», деп М.Рахимов алаңдаушылығын білдірді.
Бұл мәселенің мән-жайын аудан әкімі Б.Тынышбаев толықтырып, орман шаруашылығы аталған ауылдардағы шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарға мал жаюға жайылым билетіне сәйкес, яғни мал басына тиісті төлемақы алу негізінде рұқсат беріп отырғанын, сондықтан жайылым жағынан қиындық туындамайтынын айтты.
Осы орайда облыс әкімі «Қапал» орман шаруашылығы мен ауылдағы шаруа қожалықтары арасында ұзақ мерзімдік жалға беру-алу келісімшартын жасасудың тиімді болатынын тілге тиек етіп, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарауды бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевқа тапсырды.
Ал талдықорғандық Шайза Инибаева тұрғын үй мәселесіне алаңдайды. Ол 2005 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй кезегіне тұрғанын, кейін түрлі себептермен кезектен шығарылғанын, кейін сот шешімімен кезекке қайта тұрғызылғанын айтты. Қазіргі кезек реті – 303. Ш. Инибаева қашан баспанаға қол жеткізетінін білгісі келеді. Бұл ретте облыс әкімі Б.Исабаев өңірдегі тұрғын үй құрылысының соңғы жылдардағы қарқынын ескеріп, жыл соңына дейін баспаналы болуы мүмкін екенін жеткізді.
Тағы бір талдықорғандық тұрғын Қ.Уайсова бұған дейін уақытша жұмыс орнында істегенін, осы айдан бастап жұмысы жоқтығын айтып, қолдау көрсетуді сұрады. Мамандығы – заң кеңесшісі. Ал толық емес отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде 4242 болып тұр. Осыған байланысты Б.Исабаев Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығына жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырып, өтініш иесіне тұрғын үй тек кезек ретімен берілетінін айтты.
Қабылдауға келген азаматтардың барлығына заң аясында түсіндіру жүргізіліп, өзекті мәселелер бақылауға алынды.