Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы баяндама жасап, бірқатар жетістіктер мен жобаларды таныстырды.
Бүгінде қала халқының саны 234 мыңнан асты. Экономикалық белсендісі 83 мыңнан асса, оның жұмыспен қамтылғаны 80 мыңға жуықтаған. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 30 мың адамнан асып отыр. Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі 2030 жылға қарай 2,8 есе артады деп күтілуде.
Соңғы төрт жылда қала экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Алдағы алты жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Түркістанда алдағы алты жылда бірқатар жоба іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд теңгеге немесе 2,2 есеге өсіп, 81,2 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны екі есе өсіп, 20 мың адамға артады.
Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында өнеркәсіп саласында құны 142 млрд теңгені құрайтын, 3575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы – 180 гектар. Онда жалпы құны 126 млрд теңгені құрайтын және 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.