Әйел заты үйдің адамы десек те, ерлерден кем түспей, түзде теңдей жұмыс істеп жүрген арулар жетерлік. Солардың бірі – Жаңаарқа ауданында ерлермен иық тіресіп, шаруа атқарып, табысқа бастап жүрген Ерсінай Рашитова.
Үш қыздың анасы, ата-ене бағып отырған келін ғана емес, жазда май-қаймақ, қымыз сатып, трактор тізгіндеп, шөп шауып, жолдасының бір жағына шығысып жүрген келіншек. Өзі Қарағанды облысына қарасты Ағадыр кентінде дүниеге келген. Ата-анасының жалғызы. Бір үйдің ұлы да өзі, қызы да өзі. Жалғыз бала болып, ерке өстім деген Ерсінай жоқ, көп балалы шаңырақтың кенже ұлына тұрмысқа шығып, ауыл тірлігіне етене араласып кеткен.
– Қарамола ауылына келін болып түскеніме – 12 жыл. Жолдасым үйінің кенжесі, қара шаңырақта тұрамыз. Өзім бір үйдің жалғыз баласы болсам да, бала күнімнен ешқандай жұмыстан қашқан емеспін. Керісінше көзге түскім келіп тұратын. Үйдің жұмысынан гөрі түздің жұмысын істеген ұнайды. Мен келін болып түскенде біздің шаруа қожалығында жұмыскер болған. Тұңғышымды бауырыма алғанға дейін қара жұмысқа араласқан жоқпын. Бір күні жұмыскеріміз кетіп қалды. Жолдасым қара шаңырақты қараусыз қалдырғысы келмей, ата-анасы үшін аудандағы құқық қорғау саласындағы басшылық жұмысынан шығып, шаруа қожалығын қолына алды. Ауылдың жұмысы оңай емес, белден бел, бүйректен бүйрек қалмайды. Жолдасымның қалай еңбектенетінін көріп жүрдім, қолғабыс ете бастадым. 70-80 тонна шөпті қолмен тиеп, тасып, қораға әкеліп үйетінбіз.
Жолдасым бір күні тракторын оталдырды. Сол кезде «мен де жүргізіп көрейінші» дедім. Өзім көлік жүргізгеннен кейін тракторды тізгіндеу қиын болмайтын шығар деп ойладым. Ол наурыз айы болатын. Қар еріп жатқан кез, жер лайсаң. Қорқынышты болды. Сөйтіп, бірте-бірте үйреніп кеттім. Жазда шөп шауып, жинауды үйрендім. Трактор жүргізіп жүргеніме үш жыл болды, трактормен істейтін жұмыстың бәрін үйреніп алдым. Жазда, 40 градус ыстықта, аллергияң шығып, қап-қара болып жүру оңай емес, бірақ мен содан шабыт аламын, – дейді Ерсінай Ақыжанқызы.
Қарамола – Жаңаарқа ауданы, Бидайық ауылдық округіне қарасты кішкентай ғана ауыл. Онда небәрі сегіз-ақ үй түтінін түтіндетіп отыр. Мектеп жоқ. Ерсінайдың үш қызы аудан орталығында оқиды. Айтуынша, қазір ауыл халқы қаладағылардан кем тұрмайды. Жазда май-қаймақ, қымыз бен шөп сатады. Әлеуметтік желіні де саудасын арттырып, табысын көбейту үшін тиімді пайдаланып отыр.
– Қаланың өміріне қызықпаймын, қазір ауылдағылар қала тұрғындарынан кем тұрмайды. Тірлігін ұқсата алсаң, ақшаның бәрі ауылда. Барлық келін қалаға кете берсе ауылда кім қалады? Ауылды кім дамытады? Аллаға шүкір көлігім бар, ауылда да, ауданда да үйіміз бар. Малымыз өсіп жатыр, шаруа қожалығының жұмысы жүріп тұр. Бұдан артық не керек? Ешкімнен кем тұрмаймыз, – дейді ол.
Ауылдың бітпейтін бейнеті көп болса да, Ерсінай блог жүргізіп те, жұмысын істеп те үлгереді. Өзі мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Қазір мамандығы бойынша әкімшілікте жұмыс істейді. Құдай қосқан жары Жұбаныш екеуі аудан атынан жарыстарға да қатысады. Талай марапатқа да ие болған. Жолдасы да әлеуметтік желіде белсенді. Ерлі-зайыптылар ауылдың шынайы тірлігін көрсету арқылы «Instagram» мен «Tiktok» желісінде он мыңдап оқырман жинаған.
– Бала кезімнен бәрін білгім келіп тұратын. Біреудің қолынан келген іс неге менің қолымнан келмейді деп ойлайтынмын. 8 сыныптан бастап «Oriflamе»-мен айналыстым, дүкендерде жұмыс істедім. Ешкімге тәуелді болғым келмейтін. Декретте отырғанда да жолдасымнан ақша сұрағым келмей, қосымша сауда-саттықпен айналыстым. Бала күнімнен елдің назарында болған ұнайтын. «Мені теледидардан көресіздер» деп айтатынмын. Жұрт мені біреудің жалғыз қызы, қолынан түк келмейді деп ойлайтын. Ал мен бұл ойдың ағат екенін дәлелдедім деп ойлаймын. Қазір өзіме де, отбасыма да көңіл бөліп үлгеремін. Қыз-келіншектер ауылдан қашады. Бірақ, үлгерем деген адам бәріне үлгереді. Уақытымды босқа өткізгім келмейді. «Instagram» парақтап, біреудің өмірін тамашалап отыруға уақытым жоқ. Оның орнына кітап оқимын, түрлі курс сатып аламын. Қыздар анасына қарап өспей ме, сол үшін де үнемі өзімді дамытуға тырысамын. Үш қызым да еңбекқор, бәрін менен көріп алған. Бар жұмысты жолдасым екеуміз ақылдасып атқарамыз. Бірге істеген жұмыс берекелі болады, – дейді ол.
Ерсінайдың арманы көп. Ең әуелі техникасын жаңартқысы келеді, жаңа трактор мінгісі келеді. Себебі, техниканың бәрі ескі болғандықтан жиі бұзылады. Бір бұзылса үш күн бойы жұмысы тоқтап қалады. Қара шаңырақтың отын өшірмей, шаруа қожалығын өркендетсек дейді.