Тараздағы мектеп-интернат болашақ офицерлерді даярлайды

0 3

Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті мәселе. Осы бағытта Жамбыл облысында ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернатын ашылған болатын. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жұмыс сапары барысында аталған оқу орнының қызметімен арнайы танысқан болатын. Президент жаңа оқу орнының оқу кабинеттерін аралап, тәрбиеленушілермен тілдесіп, мектеп-интернатқа Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынған еді.

Қаңтар айында жергілікті мәслихат шешімімен Мемлекет басшысының ұсынысы негізінде шешім қабылданып, аталған мектепке Халық Қаһарманының есімі берілді. Болашақ әскери сала мамандарын даярлаудағы мектеп-интернат жұмысына жоғары баға берген Президент еліміздің әр өңірінде осындай білім ошақтарын ашу қажеттігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Президент тұсауын кескен осы мектеп-интернат жұмысымен біз де арнайы барып танысқан едік.

Мектеп-интернат директоры Алишер Азимбайдың айтуынша, бүгінгі күні мұнда 180 бала білім алуда. Алдағы оқу жылында бала санын 320-ге жеткізу жоспарлануда. Мектеп жас өскіндерге білім беріп, тегін тамақтандырады әрі тұрғынжаймен қамтамасыз етеді. Оқу бағдарламасы 7-11-сыныптарға арналған. Білім ошағының негізгі мақсаты – келешектегі Отан қорғаушыларды даярлау, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Әскери интернатта курсанттар сабақтан тыс уақытта роботты техника, дронды басқару, жасанды интеллект үйірмелеріне қатысады. Болашақ әскери қызметшілерге ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады.

– Бүгінгі күні біздің алдымызға қойылып отырған міндет – жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру. Сондай-ақ интеллектуалдық әлеуеті жоғары, физикалық тұрғыдан шыныққан, тәртіп пен жауапкершілікті терең түсінетін, ел болашағына адал қызмет етуге дайын тұлғаларды қалыптастыру. Мұнда заманауи білім беру жүйесі әскери-патриоттық тәрбиемен өзара ұштасып, оқушыларды тек білімді тұлға ретінде ғана емес, елін қорғай алатын, көшбасшылық қабілеті дамыған, саналы әрі жігерлі азамат деңгейінде тәрбиелеу көзделген. Осы бағытта мектеп-интернат болашақта үлгілі әскери білім ордасына айналуды негізгі стратегиялық мақсат ретінде ұстанып отыр. Тәрбиеленушілерді қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа еліміздің барлық өңірінен 12 жасқа толған, жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбын табысты аяқтаған, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, кәсіби-психологиялық іріктеуден және денешынықтыру даярлығы талаптарынан өткен ер балалар қабылданады, – деді ол.

Ал әскери мектеп-интернат директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Қожагелдиеваның айтуынша, бұл білім ордасының материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, мұнда 39 оқу кабинеті, 120 орынға арналған асхана, 320 орындық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, екі футбол алаңы бар. Сондай-ақ мұнда спортзал, саптық алаң, STEM, робототехника және IT кабинетті тұрақты жұмыс істейді. Барлық оқу және тұрмыстық нысандар білім алушылардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне толық жағдай жасайтындай етіп жабдықталған.

– Біздің мектеп-интернатқа үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді. Атап айтқанда, қазақ тілі, қазақстан тарихы, математика және ағылшын тілі пәндерінен кешенді тестілеу өткізіледі. Сонымен қатар кәсіби-психологиялық іріктеу, денешынықтыру даярлығы бойынша белгіленген нормативтерді тапсыру және міндетті медициналық куәландыру кезеңдері қарастырылған. 2025-2026 оқу жылына қабылдау өткен жылдың 29 қыркүйегі мен 25 қазаны аралығында жүргізіліп, осы уақыт ішінде 620 өтініш қабылданған. Іріктеу жұмыстарын республикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырып, кандидаттардың академиялық білімін тест арқылы тексерді. Сонымен қатар болашақ сарбаздардың физикалық дайындығы мен денсаулық жағдайына ерекше талаптар қойылды. Медициналық сараптамадан өтпеген немесе дайындығы төмен балалар резервке қойылып, босаған орындарға солардың ішінен толықтырулар жасалды. Соның нәтижесінде 7, 8 және 9-сыныптарға 180 тәрбиеленуші конкурстық іріктеуден сәтті өткен. Қазіргі таңда интернатта үш параллельді тоғыз сынып бар. Алдағы жылдары бұл тәрбиеленушілер 10-11-сыныптарға көшіп, мектеп толыққанды жалпы орта білім беретін оқу орны ретінде қызметін жалғастырады. Білім алушылар 7-11-сыныптар аралығында бес жыл бойы жалпы орта білім беретін мектеп бағдарламасы бойынша оқиды. Әскери мектеп-интернатта оқу, жатақханада тұру, тамақтану және тұрмыстық қамтамасыз ету ісі толықтай тегін. Тәрбиеленушілерге 37 педагог, 16 тәрбиеші және 16 тәрбиешінің көмекшісі білім беріп жүр. Мектептің географиялық ауқымы да кең. Мұнда өңіріміздің барлық аудандарынан бөлек, Маңғыстау облысы мен Астана қаласынан келген балалар да білім алуда. Мекеме облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Ал әскери бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру барысында Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – дейді Ұлжан Алмасқызы.

Ұл балаларды ерлікке шыңдайтын білім ордасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, информатика және ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Мектеп-интернатта білім алушыларға арналған элективті курстар жүйелі түрде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, алғашқы әскери дайындық, «SkyTech» пилотсыз ұшатын аппараттармен жұмыс істеу негіздері, қарым-қатынас психологиясы, сондай-ақ химия және әскери сала бағытындағы сабақтар жүргізіледі. Мәселен, бұл курстар аясында биологиялық қарулардың адам өміріне тигізетін қаупі жан-жақты түсіндіріледі. Сонымен қатар инварианттық бөліктің мамандандырылған компоненті шеңберінде бірқатар пәндер тереңдетіліп әрі кеңейтіліп оқытылады. Олардың қатарында шет тілі, алгебра, геометрия, физика, география және информатика пәндері бар. Оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, әскери іс, дебат клубы, домбыра үйірмесі, футбол, күрес, қоян-қолтық ұрыс және хорда ән айту бағыттары бойынша қосымша білім беру сабақтары өткізіледі. Мұнан бөлек, мектеп-интернатта «Жас сарбаз» патриоттық клубы жұмыс істейді.

Ұлжан Алмасқызының сөзіне сүйенсек, мамандандырылған әскери мектеп-интернатының түлектері болашақта Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарында, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігіне бағынысты азаматтық жоғары оқу орындарында білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, шет мемлекеттердің жоғары және арнайы кәсіптік оқу орындарына түсуге де жол ашық.