Талдысайда өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді

0 1

Мұғалжар ауданындағы Талдысай ауылында ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. Елді мекенде 207-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастады. Жаңа бөлімше ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңа өрт сөндіру бекеті Талдысай ауылдық округіне қарасты Талдысай және Құмсай ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл екі елді мекенде бүгінде 1100-ден астам адам тұрады. Бұған дейін өрт немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде арнайы қызметтердің шалғай ауылдарға жетуіне белгілі бір уақыт қажет болса, енді жаңа бөлімшенің іске қосылуы алғашқы көмек көрсету мен өртті дер кезінде ауыздықтауға жол ашады.

Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынған нысан тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға лайықталып, барлық қажетті инженерлік және тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген. Мұнда кезекші құрамның демалуына арналған бөлмелер, ас әзірлейтін орын, қызметтік кабинеттер, байланыс жүйелері және арнайы техникаларды орналастыруға арналған гараж боксы қарастырылған.

Ашылу рәсімі барысында Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшеге заманауи өрт сөндіру техникасын, арнайы құрал-жабдықтар мен қажетті мүліктерді табыстады. Ерікті өрт сөндірушілердің иелігіне өртті сөндіруге және құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған заманауи өрт-техникалық жарақтар, байланыс құралдары, арнайы киім-кешек пен қорғаныс жабдықтары берілді. Бұл олардың кез келген төтенше жағдайға жедел әрі тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, еріктілерді даярлау жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіледі. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің тәжірибелі қызметкерлері теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізіп, оқу-жаттығулар ұйымдастырады. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптары, алғашқы әрекет ету алгоритмдері мен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы нұсқамалар беріліп, еріктілердің кәсіби біліктілігі жүйелі түрде жетілдіріледі.

«Ауыл құтқарушылары» жобасы шалғай ауылдардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Мұндай ерікті өртке қарсы құралымдар кәсіби өрт сөндіру бөлімдері келгенге дейін алғашқы іс-қимылдарды орындап, тілсіз жаудың кең таралуына жол бермеуде маңызды рөл атқарады. Әсіресе жазғы маусымда жиілейтін дала және табиғи өрттердің алдын алуда олардың атқаратын қызметі ерекше.

Жаңа өрт сөндіру бекетінің пайдалануға берілуі оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартып, төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мүлікті қорғауға және ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Айта кетейік, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл құтқарушылары» жобасы ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздік жүйесін нығайтып, еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған. Жоба аясында жаңа өрт сөндіру бекеттерін ашу, материалдық-техникалық базаны нығайту және еріктілерді кәсіби даярлау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді.