Референдумның мақсаты саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгертілмек. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуі тек Қазақстанда емес, көрші елдерде де болды. Бұл қалыпты саяси процесс (Ресей Федерациясы – 2020 жыл, Қырғызстан – 2021 жыл, Беларус Республикасы – 2022 жыл). Себебі уақыт озған сайын заман талабы өзгеріп келеді.
Бұл азаматтардың игілігі үшін жасалып жатқандықтан, қоғам белсенділік танытуы тиіс. Референдум – Жолдауда жариялаған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту. Егер олар қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының келесі деңгейіне өтеді. Өйткені реформа отандық құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді.
Реформалар сәтті өтсе,халық ел басқаруға қатысады. Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттары сайланады, мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде облыс әкімдері тағайындалады.
Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Одан бөлек, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі.
Аралас (пропорционалды-мажоритарлы) сайлау жүйесінде партияға мүше емес азаматтар да Парламентке депутаттыққа сайлана алады. Бұдан бөлек, сот шешіміне көңілі толмаған азаматтар Конституциялық сотқа тікелей арыздана алады. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады.
Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600-ден 200-ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарады. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты.
Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Ол биліктің өкілді тармағын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үдерісті үдете түсетіні сөзсіз.
Алдағы референдум – жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейді. Сондықтан баршаңызды 5-маусым күні дауыс беруге шақырамын!