Астанада «Amanat» партиясының бастамасымен елордалық бірқатар колледж бен ірі кәсіпорын келісімге келіп, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қос тарап білім алушыларға екіжақты қолдау білдіру мақсатында алдымен студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастырып, оқуын бітірген соң жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Партия мүшелері осы бастаманың арқасында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешілетінін айтады.
Елордадағы «Аstana Рolytechnic» жоғары колледжі, Технологиялық колледжі, Техникалық колледжі, Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, Жоғары көлік және коммуникациялар колледжі, Құрылыс-техникалық колледжі және «ЛС Групп», «Paving Stone Company», «Digital System Service», «Бірыңғай шоғырландыру орталығы», «Dat kz», «Мастер кофе» Community, «Ақмол холдинг» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар бір мақсатта жұмыс істеп, үш мың студентті жұмысқа орналастырмақ.
«Amanat» партиясының ықпалымен атқарылып отырған бұл бастама – алғашқы ірі қадамның бірі. Алдағы уақытта да партия жұмысын тоқтатпайды. Керісінше жастарға қолдау білдіріп, әртүрлі бастамаларды іске асыруды көздейміз», дейді партия хатшысы Шолпан Каринова.