Ақпараттық технологиялардың дамуын адамзат игілігі үшін ақылмен пайдаланбаса, қатері көп. «Қалам ақымақтың қолына тисе, көсеуге айналады» дегендей, қазір интернет желісінің мүмкіндіктері алаяқтардың да пайдасына жарап тұр. Сондықтан да интернет алаяқтық – киберқылмыс болып саналады. Қылмыстары «цифрланған» кибералаяқтардың кесірінен әлемде киберқылмыс өршіп барады.
Кейінгі жылдары киберқылмыс, интернет алаяқтық мәселесі Қазақстанды да алаңдата бастады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елдегі барлық киберқылмыстың 99 пайызын интернет алаяқтық құрап отыр. Соңғы жеті жылда киберқылмыс он есеге дейін өскен. Салдарынан, былтыр ел азаматтарына киберқылмыстан 21 миллиард теңге шығын келген. Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаевтың айтуынша, биыл жыл басынан бері 3645 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген.
– 2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда киберқылмыс саны 8,3 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш жалпы қылмыс санының 18 пайызын және барлық алаяқтық қылмыстың 43 пайызына тең. Қабылданған шаралар нәтижесінде былтыр 3,7 мыңнан астам киберқылмыс ашылып, 1 891 адам ұсталып жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілерге 850 миллион теңге шығын өтелді, – дейді министрлік өкілі.
Бірақ, қоғамда алаяқтарға алданушылар қатары азаяр емес. Мамандардың айтуынша, қоғамда қаржылық сауаттылықтың және сыни ойлаудың төмендігі, «көп ақша тапсам», «тез байып кетсем» деген қиялдың жетегінде жүргендер санының артуы алаяқтардың айласын асыруға бірден-бір себепкер болып отыр.
– Қазір алаяқтар Америка немесе Ресей, Украинада, Түркияда әлемнің кез келген түпкірінде отырып, айласын жүзеге асыра береді. Тіпті, қосымшалар арқылы кез келген телефон нөмірінің соңғы 4 санын басқа бір компанияның нөміріне айналдыра салады. Дауысты да кейбір қосымшалардың көмегімен өзгертіп, сенімге кіріп, алдаудың да жолдары бар. Олар ВПН, IP адрес арқылы да адамдарды тонай алады. Бірақ, соларды ұстау көп жағдайда қиындық тудырады. Әрине, IP адрес арқылы Қазақстанда табуға болады, бірақ олардың көбі ВПН пайдаланғаннан кейін деректер ауысып кетеді де, табу қиынға соғып жатады, – дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
Киберқылмыстың артуына онлайн режимдегі қызмет түрлерінің көптігі де әсер етіп отыр. Интернет алаяқтар кез келген адамның электрондық поштасына вирустық хаттарды, SMS-хабарламалар немесе қосарланған сайтқа апаратын сілтемелері бар push-хабарламалар жіберу арқылы арам ойын оңай жүзеге асырады. Сонымен қатар әртүрлі ұтыс ойындары мен лотореяларға қатысуға үгіттеу немесе несие қарыздарының коллекторларға берілгендігі туралы хабарлама жіберу арқылы көрсетілген сілтемеге енгізілген жеке деректер бойынша, танымал мессенджерлерде жалған боттар жасау арқылы да азаматтардың карточкаларынан барлық ақшаны ала алады және оларға алаяқтық жолмен несие де бере алады. Статистика деректеріне сүйенсек, бопсалаушы бағдарламалар кесірінен әлемде жыл сайын шамамен қарапайым азаматтардың 1 млрд электрондық поштасы бұзылатын болса, бұл ғаламшардағы әрбір бесінші интернет пайдаланушының зардап шегетінін білдіреді.
Қазақстан киберқылмыспен күресу мақсатында сегіз жыл бұрын «Киберқалқан» тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдаған болатын. Оны іске асыру мерзімі екі кезеңге бөлінді. Біріншісі, 2017-2018 жылдар аралығында іс-шаралар жоспары бекітіліп, заң нормалары жетілдірілді. Ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандарын көбейтуге көңіл бөліне бастады. Екінші кезеңі, 2019-2022 жылдар аралығында ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ақпараттық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етуге қазақстандық IT-компаниялардың негізді түрде қатысуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қажетті нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Нәтижесінде, Қазақстан «Жаһандық киберқауіпсіздік индексі» зерттеу есебінің жалпы әлемдік рейтингінде 31-орынға көтерілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын цифрлық трансформациялау және дамыту тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға арналған жобасы аясында «Қазақстанның киберқалқаны-2» тұжырымдамасының жаңа нұсқасы дайындалды. Тұжырымдама аясында елде өңірлік цифрлық хабты қалыптастыру, байланыс саласын монополиядан арылту, киберқауіпсіздікті күшейту және денсаулық сақтау, білім беру, азаматтық қауіпсіздік салаларында жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілмек. Азаматтар мен бизнесті жылдамдығы жоғары интернетпен, ал республикалық және негізгі облыстық жолдарды мобильді кең жолақты желілермен қамту бойынша жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.
Құзырлы органдар киберқылмысқа қарсы күресті күшейтіп, түрлі алдын алу шараларын қабылдағанымен, халықтың қаржылық сауаттылығы басты рөл ойнайтынын айтады мамандар.
– Ең бастысы, алдымен қоғамда кибергигиена деген ұғымды қалыптастыру керек. Мысалы, қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтарды «оңай олжаға елітіп, қаржыға қарқ қыламын» деуінен-ақ тануға болады. Кез келген адам әлеуметтік желілердегі ақпараттарға көзсіз еріп кетпей, критикалық ойлауға дағдылануы керек. Оңай олжа қақпанда ғана болатынын естен шығармаған абзал, – дейді Дәулет Төлеутайұлы.
Сондықтан, қулығына құрық бойламайтын интернет алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалмау үшін кез келген адам күмәнді қосымша немесе сайтқа жеке деректі тіркемеу, кез келген сілтемеге өтуде абай болу, құпиясөзге мұқият болу деген секілді қарапайым ережелерді естен шығармағаны жөн. Себебі, бүгінгі күні киберқауіптен қорғау, киберқауіпсіздік мәселесі тек мемлекеттің немесе құзырлы органдардың ғана міндеті емес, жекелеген азаматтардың да сауаттылығы мен сақтығының мәселесі болып отыр.