Шымқала кештері

0 17

Шымкентте биылғы жаз бұрынғы жаздан өзгерек. Олай дейтініміз, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй, ерекше демалыс сыйлау мақсатында «Шымқала кештері» атты концерттік бағдарламаны 27 шілдеден бері тұрақты өткізіп келеді. OPEN AIR форматындағы концерттік іс-шара қаладағы халық көп шоғырланатын демалыс аймақтарында әр сенбіде өтуде.

Бұл жолы сенбінің кешінде «Наурыз» алаңында «Шымкент-Цирк» эстрадалық оркестрі өнер көрсетіп, цирк қойылымдарымен балалар мен ересектерге ұмытылмас сәттер сыйлап көрерменнің көңілін көтерді. Ал, «Шымсити» саябағында опера және балет театры ұжымы әуелеген әнімен халықтың ыстық ықыласына бөленді.

– Өнер – мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Өткізіліп жатқан концерт арқылы халықты мәдениетке, руханиятқа баулып, театрға қызығушылығын аша алсақ, біздің еңбектің ақталғаны, – дейді Шымкент қаласының опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Жасұлан Сейдазимов.
Сонымен қатар, «Асар» шағын ауданы халқы «Шымкент концерт» ұжымының концертін тамашалап, кешті көңілді өткізді.

Қала тұрғындарының айтуынша мүндай сенбілік кештер қала халқына ерекше көңіл-күй сыйлайды екен.

Өткізіліп жатқан іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени, рухани демалыс сыйлап келеді. Айта кетейік, «Шымқала кештері» күзге дейін жалғасады.