Шағын өндірістен танымал брендке дейінгі жол

0 0

Ақтөбеде «Бір ауыл бір өнім» жобасының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетіп, байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алған 10 үздік қатысушы анықталды.

Жеңімпаздарды іріктеу кәсіпкерлердің өз жобаларын таныстыруы және ұсынған өнімдерін бағалау нәтижелері негізінде бренд-комитеттің шешімімен жүзеге асты.

Іріктеу кезеңі 20 жартылай финалист өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынған көрме-жәрмеңке аясында өтті. Келушілер Ақтөбе өңірінде өндірілетін түрлі тауарлармен танысып қана қоймай, ұнаған өнімдерін жәрмеңке барысында сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Көрме сөрелеріне қымыз, ет, сүт кондитерлік өнімдер, шоколадтағы жент, ұн, былғары, киіз және қой жүнінен жасалған бұйымдар, тоқыма өнімдері, дәрілік шөптер, кәдесыйлар және басқа да тауарлар қойылған. Өнімдердің басым бөлігі жергілікті шикізаттан өндірілген.

Сонымен қатар қатысушылар өз жобаларын бренд-комитет мүшелеріне таныстырып, өнімдерінің ерекшелігі мен даму перспективалары туралы баяндады. Комитет құрамына мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, сарапшылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қаржы ұйымдары мен даму институттарының өкілдері, қоғам белсенділері және жеке ұйымдардың басшылары кірді.

Бағалау барысында өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі, даму әлеуеті, жергілікті ресурстарды пайдалану деңгейі, өндіріс технологиялары және кәсіпті одан әрі кеңейту мүмкіндігі ескерілді.

Ақтық кезеңге жолдама алған 10 кәсіпкердің әрқайсысы – жергілікті өнімді дамытып, өз кәсібін қалыптастырып жүрген кәсіп иелері. Ақтөбе қаласының атынан төрт кәсіпкер бақ сынайды. Нұргүл Бижанова ет өнімдерін өндірсе, Медет Көшербаев табиғи қымыз дайындайды. Гүлмира Матбаева «Aqtobe Damderi» брендімен шоколадтағы жент ұсынып отыр. Ал «GAZER» ЖШС өкілі Жасұлан Мырзағалиев «Bizdin.Tandau» брендімен сүт өнімдерін өндіреді.

Аудан кәсіпкерлері де өз өнімдерімен ерекшеленді. Әйтеке би ауданынан Гүлжанат Жұмабекова ешкі сүтінен гипоаллергенді сүт өнімдерін дайындайды. Байғанин ауданынан Гүлдана Серікқызы сүйектен ерекше кәдесый бұйымдар жасайды. Мәртөк ауданынан екі кәсіпкер – Әсел Молдашева мен Айдос Үсенов ақтық кезеңге өтті. Әсел Молдашева құлпынайдан табиғи өнімдер мен түрлі десерттер өндірсе, Айдос Үсенов ұн өндірумен айналысады. Мұғалжар ауданынан Гүлсім Кенжебаева табиғи емдік қара сабын өндіретін кәсібін таныстырды. Ал Хромтау ауданынан Жадыра Нұрмағамбетова табиғи қымызымен байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алды.

Бренд-комитет және палатаның өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжановтың айтуынша, өңір кәсіпкерлері сапалы өнім өндіруге қабілетті. Ендігі міндет – олардың нарықтағы мүмкіндігін кеңейтіп, сауда орындарына, қажетті құрал-жабдықтарға және өнімді ілгерілетуге қатысты қолдау көрсету.

– Кәсіпкерлер өз ісін жақсы біледі және сапалы өнім шығарады. Оларға тек сауда орындары, қажетті құрал-жабдықтар және өнімдерін ілгерілету бағытында қолдау қажет. Мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті дамытуды жалғастырамыз, – деді Асхат Айтжанов.

Биыл жобаға Ақтөбе қаласы мен аудандардағы кәсіпкерлерден 50 өтінім түскен. Биыл шілдеде «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі аясында өткен алғашқы іріктеу нәтижесінде 20 өндіруші жартылай финалға жолдама алған болатын. Енді 10 қатысушы республикалық көрмеде облыс намысын қорғап, өз өнімдерін кеңінен таныстыруға және мемлекеттік гранттарға ие болуға мүмкіндік алды.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады. Жоба жергілікті өндірісті дамытуға, өңірлік брендтерді қалыптастырып, оларды кеңінен танытуға және отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға бағытталған.

Аталған жоба облыста жүзеге асырылған үш жылдың ішінде өз нәтижесін көрсетті. Осы уақыт аралығында өңір кәсіпкерлерінен 132 өтінім түсіп, олардың 97-сі көрмелерге қатысып, өз өнімдерін көпшілікке таныстырды. Үш жыл ішінде 9 кәсіпкер жоба финалына дейін жетті. Олардың үшеуі мемлекеттік грантқа ие болып, әрқайсысына 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетілді.

– Біз үшін «Бір ауыл бір өнім» жобасы жай ғана бір реттік байқау емес, нақты әлеуметтік әрі экономикалық мүмкіндік. Басты мақсат аудандардағы бірегей әрі сапалы өнімдерді анықтап, ауыл кәсіпкерлеріне шағын жергілікті өндірістен танымал брендке дейінгі жолдан өтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жаңа нарықтарға шығуға көмектесу, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.