Жамбыл жұртшылығы қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі композитор, жазушы әрі өнер зерттеушісі Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Айтулы мереке аясында ұйымдастырылған мәдени-көпшілік іс-шаралар легі Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты кешпен қорытындыланды.
Өткен аптада зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысып, қазақ өнерінің абызына құрмет көрсетті. Мерейтой иесін ұлттық дәстүрге сай ақ жаулықты әжелер әнмен қарсы алып, ақ баталарын арнады.
Салтанатты жиында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, Илья Жақановтың қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі айрықша орнына тоқталды. Өңір басшысы сазгердің ұлттық өнерді дамытудағы еңбегі мен шығармашылық мұрасының құндылығын ерекше атап өтті.
– Илья Жақанов – қазақ руханиятының биік тұлғасы. Ол саналы ғұмырын ұлт өнерін өркендетуге арнап, саз бен сөзді қатар өрген дара дарын иесі ретінде ел жадында қалды. Оның шығармалары мен зерттеулері кейінгі буын үшін сарқылмас қазына, – деді облыс әкімі.
Мерейтой барысында Ербол Қарашөкеев Илья Жақанов пен жұбайына құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жауып, пәтер кілтін табыс етті.
Өз кезегінде Илья Жақанов жерлестерінің ықыласына ризашылығын білдіріп, туған елдің құрметі мен ыстық ықыласы өнер адамы үшін ең үлкен марапат екенін айтты.
Кеш аясында сазгердің халық жүрегінен орын алған танымал әндері шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ қонақтар композитордың шығармашылық жолы мен ұлттық мәдениетке қосқан үлесін насихаттайтын арнайы көрмені тамашалады.
Илья Жақанов – қазақ өнерінің ғана емес, ұлттық руханияттың да асыл қазынасына айналған тұлға. Оның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жас ұрпаққа рухани бағыт-бағдар берері анық.