Сарқанда ұлттық тағам орталығын ашпақ

0 8

Сарқан ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, қаржылық тиімді ұсыныс арқылы өз шаруасын шалқытып, тіршілігін түгендеп үлгерген шаруалар жетерлік. Бүгінде игілігі мол жобамен жұмыс істеп, кәсібін дөңгелентіп отырғандардың бірі – Шығысгүл Дәулетханқызы.

Шығысгүл қыста да, жазда да дәмін бұзбай  сол күйі сақталатын құрт, дастарқанның сәні болатын ірімшік, жент, сары май сияқты ұлттық тағам орталығын ашуды армандапты. Іскер әйел «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсене қатысып, несие алып, бағдарламаның игілігін көруде.

– Осы уақытқа дейін мейрамханада аспаз болып жұмыс істедім. Арманым – қазақтың ұлттық тағамдарын брендке айналдыру еді. Тұрғындардан «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржы алуға болады дегенді естіп, бизнес жоспарын құрдым. Небәрі 1,5 айдың ішінде маған 5 млн 300 мың теңге тағайындалды. Игілігі мол бағдарламаның арқасында Қытайдан ұн илейтін, асылған еттің қамырын кесетін құрылғы, тоңазытқыш сатып алдым, – дейді кәсіпкер.

Сарқанда «Дастарқан» атты дүкен ашқан кәсіпкер ауылдағы шаруашылықтардан 100 литрге дейін сүт алып, құрт, май, ірімшік қайнатады. Ол қазақы тағамдардан бөлек тойға, асқа керектінің бәрін жасайды. Онымен қоса торт, лағманның қамыры, манты, тәтті тоқаш пісіреді. Сарқанда ұлттық тағам өнімдерін сататын жалғыз дүкен болғандықтан қала тұрғындарының барлығы осында келеді екен. Күніне кем дегенде 10 келі май, 10-15 келі құрт сатылады. Бағдарламаның игілігін көріп отырған әйел үш адамды жұмыспен қамтып отыр. «Ісім жүріп, тапсырыс көбейсе тағы жұмысшы аламын», дейді кәсіпкер.

Бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ананың ендігі арманы – қазақтың ұлттық тағамдарын брендке айналдыру.

– Мақсатым – еліміздің түкпір-түкпіріне қазақ өнімін тарату. Ұлттық тағамдарымызды бренд жасағым келеді. Мәселен, құртты қанша сақтасаң да бұзылмайды. Сондай-ақ табиғи өнімнің пайдасы мол. Біз өзіміздің тағамдарды брендке айналдыруымыз керек, – дейді ол.

Отбасын асырап, ауылының өркендеуіне үлес қосып жүрген жанның бұл ісі көпке үлгі.