Сала үздіктері марапатталды

0 1

Абай облысының әкімі Берік Уәли Тамыз конференциясы аясында «Үздік ұйым» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Байқау қорытындысы бойынша Аягөз ауданындағы №5 жалпы орта білім беретін мектепке, Семей қаласындағы №22 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейіне, Ақсуат ауданындағы Сасан би атындағы орта мектепке, Абай ауданындағы Қарауыл гимназиясына, Бесқарағай ауданындағы Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепке және Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешеніне қаржылай сертификаттар табысталды. Бұл марапат – білім сапасын арттыруға, заманауи оқыту әдістерін енгізуге және оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған мектептердің еңбегіне берілген баға.

Жиында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен сала мамандары да құрмет төрінен көрінді. Оларға Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалі, «Білім беру саласының үздігі», «Арнайы білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медалі, министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғысы табысталды. Сондай-ақ бірқатар азамат «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және облыс әкімінің Алғысхаттарымен марапатталды.

Конференция барысында білім беру жүйесінің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Пленарлық отырыста Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Дидар Асқарқызы, «Bilim Group» білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі ұлттық жобасының жетекшісі Мағжан Аманғазы, BINOM School мектебінің директоры Кемелбек Берікболсын, Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің директоры Меруерт Бейсембаева және облыстық балалар мен жасөспірімдер қозғалысының көшбасшысы Еділ Төкен баяндама жасады. Баяндамаларда білім беруді цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді пайдалану, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және оқушылардың бастамаларын қолдау мәселелері қозғалды.

Жалпы, тамыз конференциясы жаңа оқу жылына арналған басымдықтарды айқындап қана қоймай, білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген ұстаздар мен үздік ұйымдардың тәжірибесін насихаттауға мүмкіндік берді. Марапат иелерінің жетістігі – сапалы білім мен білікті ұрпақ қалыптастыру жолындағы еңбектің нақты көрінісі.