Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданына іссапары аясында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысты. Жалпы, бұл жоба бойынша ауданда 12 мектеп салынуы тиіс. Қазіргі кезде 7 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Аймақ басшысы алдымен Талдыбұлақ ауылындағы 600 орынды мектептің құрылыс басында болды. Нысан құрылысын жүргізіп жатқан бас мердігер «Диал-строй» ЖШС директорының орынбасары Бақыт Рымжановтың айтуынша, бетон құю жұмыстары аяқталған. Енді ішкі әрлеу жұмыстары басталуы тиіс. Оларды жүргізу және жиһазбен қамту бойынша барлық қажетті келісім-шарттар жасалған.
Алайда, облыс әкімі басқа мектептерде әрлеу жұмыстары әлдеқашан басталып кеткенін, мұнда жұмыс өте баяу жүріп жатқанын айтып, көңілі толмайтынын жеткізді.
– Бұл – «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан құрылыстардың бірі. Олардың бәрін мемлекет қадағалап, Президент ерекше бақылап отыр. Проблемаларды шешіп, адамдарды көбейтіп, қыркүйекке дейін толық аяқтау керек. Екі аптадан кейін тағы келіп көремін, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс басшысы Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңалық ауылында салынып жатқан 900 орынды, Алатау қаласына қарасты Еңбек ауылында салынып жатқан 600 орынды мектептердің құрылысымен де танысты. Мердігерлердің тілек-өтініштерін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Олардың ең бастысы – құрылысты мерзімінде аяқтап, жайлы мектептерді ел игілігіне дер кезінде тапсыру.