Былтыр еліміздің Конституциялық кеңесінің мүшелері арнайы жұмыс тобын құрып, Конституция жобасын ұзақ талқылағаны белгілі. Ұзақ талқылаудан соң жоба халықтың назарына ұсынылды. Халық оқып, біліп, танысып, өз ойларын айтты. Сонымен, 2026 жылдың 15 наурызында өткен референдумда жаңа Конституция жобасын қолдап, баршамыз өз дауысымызды бердік. Конституцияға енген өзгерістердің халық үшін тиімді екенін, ел дамуына қызмет ететінін біліп, ұғынып өз таңдауымызды жасадық.
Конституцияның жаңа жобасының 27-бабында: «Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мәжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі. Қазақстан Республикасы қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алу, сондай-ақ, әлеуметтік қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді» деп көрсетілгені жанымызды жылытады.

Мен ұзақ жыл білім саласында еңбек еткен ардагермін. Сондықтан, оқу ағарту мәселелеріне көңіл аударып отырамын. Біз дауыс беріп қолдаған Конституцияның 33-бабында білімге қатысты мәселелер айтылады. Онда: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепілдік беріледі. Бастауыш пен негізгі орта білім міндетті. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгіленген негіздерде және көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Мемлекет жалпы міндетті білім стандартын белгілейді. Барлық оқу орнының қызметі осы стандарттарға сәйкес келуі тиіс. Рухани (діни) білім ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасы аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп көрсетілген. Сондықтан, біз Конституциямыздың жаңа жобасын қолдап дауыс бердік, ел болашағына үміт артық.
2026 жылғы 1 шілдеде аталған жаңа Конституция күшіне енді. Бұл Жаңа Конституцияны жаңа күш, жаңа қадам, жаңа шешім, жақсылыққа жасалған жол деп қабылдағанымыз жөн. Себебі, жаңа қадам – әрқашан жақсылықтың бастауы.
Біздің Мойынқұм ауданының халқы еңбектің парқын, жақсы жобаларындың қадірін білетін парасатты тұрғындардан құралған. Осылай деп ашық, мақтанышпен айта аламын. Елімізде жүргізіліп жатқан барлық саяси, рухани, мәдени мәселелердің барлығына мойынқұмдықтар өз үлесін қосып келеді. Болашақтан жақсылық тосып отырады. Біздің аудан тұрғындары елімізде және әлемде болып жатқан жағдайларды назарға алып, шеттеп қалмай, өмірге ілесіп отырады. Қандай мәселені де сараптан өткізіп, оң мен солын ажыратып, нақты бағасын беріп отырады. Осы жағдайға менің көзім әбден жеткен. Сондықтан да нық сеніммен, үлкен ризашылықөпен айтып отырмын.
Алда Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау саяси науқаны келе жатыр. Бұл жолы саяси партиялар сайлауға түсіп жатқанын барша көпшілік біледі. Саяси партиялардың белсенділігі – қоғамға оң әсер етеді. Міне, сол партиялардың белсенділігі, олардың халық сеніміне ие болып, жинай білген дауыстары депутаттардың жасақталуына тікелей әсер етеді. Яғни, әр сайлаушы өзінің жеке құқығын пайдаланып сайлау учаскесіне баруға, өзінің жүрегі қалаған саяси партияны қолдауға немесе өзге партияларды қолдамауға мүмкіндігі бар. Сондықтан, мен барша аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау саяси науқанына белсене қатысуға, қалаған партиясына өз дауыстарын беруге шақырамын.
Біздің аудан – әйгілі шопан, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атамыздың мекені. Аса беделді қоғам қайраткері Айтбай Назарбеков қалыптастырып кеткен, Қайрат Рысқұлбековтің батырлығы мен қайсарлығы баршаға үлгі болған аудан. Сондықтан, бізге осынау саяси науқаннан, мемлекетіміздің Құрылтай депутаттары сайланатын ауқымды іс-шарадан сырт қалуымызға болмайды. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, көпшіліктің арасынан табылып, таңдау жасағанымыз жөн.
Мемлекетіміз жоғары мақсатпен жаңарулар мен өзгерістер жасап жатыр. Бұл жаңарулар мен өзгерістер алдағы даму мен өркендеудің алғашқы қадамдары деп білемін. Қазақстан Республикасының Құрылтайы – еліміздің заң шығаратын ең жоғары әділетті органы болады деп сенемін. Сондықтан, алдағы Құрылтай депутаттарын сайлаудың маңызы зор. Біздің кейбір тұрғындарда бір қате түсінік бар. «Менсіз де сайлау өтеді» дейді. Жоқ. Олай емес. Керісінше сіздің пікіріңіз бен таңдауыңыз еліміз үшін аса маңызды. Сол үшін елімізде сайлау өтіп жатыр. Сондықтан, осы Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлауындағы міндетімізді терең түсініп, сайлауға толық қатысқанымыз дұрыс.
Бұл күн – ел дамуына үлес қосатын биік ойлы азаматтарға таңдау жасалатын күн. Сізге таңдау жасауға уақыт берілетін күн. Осыны есімізден шығармағанымыз жөн.