Қостанайда ірімшік зауыты салынып жатыр

0 6

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңделген өнімдер үлесін үш жылда 70 пайызға көтеру міндетін қойып отыр. Осы орайда Қостанай өңірінде бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Милх» компаниясының ірімшік шығаратын зауыты.

Зауыт құрылысы алдағы қараша айында толық аяқталуға тиіс. Оған 7,2 млрд теңге инвестиция салынған. Өндіріс орыны жылына 2 мың тонна өнім шығаруға қуақарлы болмақ. 35 жаңа жұмыс орны құру көзделіп отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы облыста қайта өңделген сүт өнімдернің үлесін 46-дан 60 пайызға дейін арттырудың мүмкіндігі туады.

Бүгінде өндіріс орнының металл қаңқасы еңсе түзеп, цехтің қасбеттері әрленіп қалған. Басқаша айтқанда, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, едені төселіп, төбесі тұтастай жабылыпты. Қазір ішкі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Зауыт заманауи үлгіде салынуда. Германиядан көп көлемде технологиялық құрылғылар сатып алынды. Ғимараттың төбесі ашылып-жабылатын болады. Зауытта ірімшіктің жиырмашақты түрін өндіру көзделіп отыр. Өнімдерімізбен ішкі-сыртқы нарықты қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Милх» ЖШС директоры Сергей Блок. Айта кетейік,  компания бүгінде табиғи сүттен жоғары сапалы өнімдердің жүзден астам түрін өндіріп отыр.

Жақында болашақ өндіріс орнының қазіргі жай-күйімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты. Зауыттың болашағы зор болып, өңір экономикасына өз пайдасын тигізетініне сенім білдірді.

– Етті, сүтті және бидайды терең өңдеу секілді болашағы зор бағыттарды ерекше назарға алып отырмыз. Бұл салада өңірдің дамуына үлкен серпін беретін көптеген инвестициялық жобаны қазірден-ақ жүзеге асырып жатырмыз. Агроөнеркәсіп кешеніне инвесторлар тарту жұмыстары да жалғаса береді. Облыс әкімдігі инвесторларға барынша қолдау жасауға дайын, – деді Құмар Іргебайұлы.