Қорғаныс министрлігі 11-19 наурыз аралығында өтетін оқу-жаттығуларға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады.
“Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде 11-19 наурыз аралығында Қарағанды облысының аумағында екі жақты командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді.
Жауынгерлік дайындық іс-шаралары кезінде Қарағанды, Алматы, Жетісу облыстарының аумағында күштер мен құралдардың қозғалысы жүзеге асады. Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау мақсатында бөлімшелер полигондарға темір жол, әуе және автомобиль көлігі арқылы аралас тәсілмен марш жасайды. Кейін тұрақты орналасу пункттеріне оралады”, – делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі аталған кезеңде өңірдің жекелеген аудандарында шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін хабарлайды.
“Осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан оқу-жаттығуларға түсіністікпен қарауды және тыныштық сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз”, – делінген ҚМ хабарламасында.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Tengrinews.kz