Алты баланың анасы, Біржан сал ауданындағы «Аңсар» жеке кәсіпкерлік шаруашылығының жетекшісі Бәтима Қалыбекова мемлекеттік қолдаудың арқасында сүтті бағыттағы мал өсіріп, қарекет етіп жатыр.
Атам қазақтың «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дейтін жалғыз ауыз сөзінің астарында кәтепті қара нарға жүк болатын мол мазмұн жатыр. Бұл жайлы Бәтима жақсы біледі. Өздерінің күнкөрісі өз алдына, жарық дүниеге әкелген алты баласын қатарынан кем қылмай, балапандай баптап, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше бағып-қағып, жетілдіруі керек. Ауылдық жерде ырыс үйірілетін кәсіп мал шаруашылығы ғана. Ауыртпалығы Бәтимаға таңсық емес. Бұрын бір рет тәуекелге бел буып ұмтылғанда аузы күйген.
Жолдасы Жанат екеуі банктен қомақты несие алып, малсақ қауым мақтаған қазақтың ақбас сиырын сатып алған. Ел бағып жатқан соң бұлар да алға ұмтылғысы келген ниет қой. Әйтседе «қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, сол жылы мал азығы тым қымбаттап кетті әрі банктен алған қарызды да өтеу керек болды. Қымбатқа алған бар малды етке тапсырып, қарыздан құтылуға тура келген. Кейін ойлап қараса, мал бағу үшін ең алдымен азықты қамдайтын шабындығың болуы шарт екен. Жалғыз шабындық емес, құнарлы шөп өсетін жайылым да қажет. Техника да өзіңдікі болғаны жөн. Бұл жолы бар жайды көңіл таразысына салып, салмақтаған. Кемшіліктерді қайталамаса, тығырықтан шығып кетуге болатын тәрізді. Етті малдың сүтті малдан айырмашылығы – еңбектің нәтижесін ұзақ уақыт тосуға тура келетіндігі. Ал, іске жарата білсе, сүт – тұрақты табыс көзі. Он ойланып, мың толғанып, әкімдікке өтініш тапсырған.
«Бастау Бизнесте» оқып, жоспар түзді. Бизнес қағидаларын көңіл түкпіріндегі арман-мақсатымен ұштастырды. Қолына тиген 1 миллион 380 мың теңге қаржыға сүті бұлақтай үш сиыр, сүт тартатын сепаратор, тоңазытқыш сатып алды. Көктемде сиырлары бұзаулап, сауыла бастаған кезде еңбегінің нәтижесі өтеліп қалғандай көңілі гүлдеп сала берген. Сүт өнімдерінің түр-түрін дайындауға кірісті. Айран, қаймақ, құрт, үй ірімшігі, қоспа, сары май тәрізді өнімдер сұранысқа ие. Ауылда отырғанымен, мал ұстамайтындар аз емес.
– Әрине, несиені өтеу оңай-оспақ шаруа емес, – дейді кәсіпкер Бәтима Қалыбекова. – Ең өзекті мәселе – мал азығын дайындау. Шабындық жері болмағаннан кейін ықылым заманнан бері мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауымның қайсы бірі бағымдағы малдарын сатып та жатыр. Әйтседе бала-шағаның нәпақасы үшін еңбек етіп, қиындыққа төзе білу керек. Алғашқы бір-екі жылда қиын болатын шығар, кейін малды өз төлі есебінен көбейтіп, қорлана алсақ, шыр бітетіні сөзсіз.
Кәсіпкердің пайымдауынша, шоқ жұлдыздай шағын ауылда сұлулық салонын ашу ақылға сыймайды. Өзге де қызмет көрсету орындарын ашу тиімсіз болар еді. Көкөніс егіп те көгерте алмайсың. Әркімнің бақшасында гүлдеп тұр. Ендігісі, мал өнімін дайындау. Жеке кәсіпкердің тіршілігін естіп құлақтанған ауылдастары дүмеп келе бастаған. Ауыл ғана емес, аудан орталығынан да өтініш айтушылар баршылық. Қала тұрғындары ауылға ат ізін салса, дәмі тіл үйіретін мамыр айының сары майын, жаңа тартылған қаймақты ала кеткілері келіп, аңсарлары ауып тұрады. Қыстың қамын жазда ойлап – отыз-қырық келі майға да тапсырыс беріп жатады.
– Көпбалалы отбасының мұқтажы таусылған ба? – дейді кәсіпкер. – Аузымызды аққа тигізіп отырған мемлекеттің қамқорлығына мың алғыс. Қос қолтығымыздан періштедей жебеп, қолдау көрсеткеннен кейін біз де ұмтылып жатырмыз. Мал шаруашылығы – ата кәсібіміз. Өзіміздің үйренгеніміз бар, ілкідегі үлкендердің ел есінде сақталып қалған тәжірибесі бар, бәрін жиып-теріп, кәдеге жаратамыз.
Қазір төңіректегі тұрғындарды мал өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе нарық бағасынан көп-көрім арзан сатылатын азық-түлік жәрмеңкелері елдің дастарқанын жүдетпеуге септігін тигізеді. Бәтима тәрізді кәсіпкерлер өз дастарханынан артылған өнімдерін облыс орталығына да, Астанаға да апарып жүр. Алдынан жұмыс үркіп отыратын көпбалалы ананың үш ұлы мен үш қызы да өздеріне тартып туған. Қолғанат болуға жарап қалды. Бар шаруаны ұршықша үйіріп отырған Бәтима Қалыбекова күндердің бір күнінде өз өнімдерін көздің жауын алатындай етіп әдемілеп орап, «Аңсар» брендімен шығарсам дейді. Төңіректегі мал қорасы босап қалып, екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ағайынға үлгі.
– Әр істің өз нәтижесі болуы керек қой. Біз Бәтима өз ісін бастаймыз дегенде, қуанып қалдық. Табыс табудың өзге де жолдарын ұсынып көрдік. Әйтсе де өз қалауы мал шаруашылығы болды. Қара қазан, сары баланың қамы үшін қарекет еткені көрген жанның көзін қуантып, көңілін демдейді, – дейді Үлгі ауылдық округінің әкімі Рысжан Әбжанова.
Ауылдағы ағайынның әрқайсысы дәл Бәтима тәрізді бір істі бастап, нәтижесін көріп жатса, масылдық маңайымыздан жүрмес еді.