Мамандық мақтаныш емес – мақсат

0 10

Кез келген адам қоғамда өзінің қалаған мамандығында немесе қолынан келетін салада қызметін атқарып өмір сүреді. Негізі мамандықпен мақтанбау керек, мамандықты мықтылап меңгеріп, өмірлік қажеттілікті яғни табыс табуды жолға қоя білу керек. Біз – жастар мамандықты тек мақтаныш үшін ғана оқитындай болып кеткенбіз. Өйткені, көптеген мектеп бітіруші жастар болашақ мамандығын «келешекте бір креслода қонжиып отырам ғой» деген сынды оймен таңдайды. Ал сол таңдаған мамандықтың шегіне жету жолындағы қиындықтарға төзіп, біршама жыл тер төгіп еңбектенем деген ойды бірінші орынға қоймайды, тек шарықтау шыңы жайлы, жайлы орын болса деп есептейді.

Қазір ғылымның қатты қарыштап дамып жатқан кезеңінде әлемдік технологиялар алға шықты. Жасанды интелект үрдісі қазір трендке айналды. Бұл ғаламдық дамудың жақсы көрсеткіші болғанымен, бүкіл дүниежүзінің күнделікті қоғамдық өмірінде ешқашан маңызын жоймайтын мамандықтар мен қажеттіліктер бар екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Мысалы, индустриалды салада қызмет атқаратын қарапайым жұмысшы есебінде саналатын дәнекерлеуші, электр жөндеуші, ауыр жүк машиналарын айдайтын, оның қыр-сырын жақсы білетін жүргізушілер, ауыр өнеркәсіп, машина жасау, құрастыру, жол жөндеу жұмыстары сияқты адамзаттың өмірлік өміріне керекті үлкен құрылыстарды салу жобаларын жүзеге асыратын мамандықтар жәй ғана қарапайым жұмыс күші ретінде саналатын болып қалды. Бірақ, ел таңдайын тақылдатып таңданатын әлемнің биік ғимараттары, су қоймаларының дамбалары, әлем таңданатын ірі кәсіпорындар, тахника, машина жасау сияқты зауыттарда жұмысы көрінбейтін қара жұмысшылардың еңбегі ұшан-теңіз, бірақ, оған адам мән бермеуі мүмкін.

Бір ғана мысал, Қазақстанда орын алып жатқан еліміздің ірі өңірлерінде су басу қауіпінің алдын алатын мықты құрылыстың – дамбаның жоқтығы, болса да өткен дәуірдің қаңсығы боп жарамсыз күйге түскені, соның зардабы адам баласына қаншама ауыртпалық салғанын көрдік. Халық үшін де мемлекет үшін де өте үлкен шығындарға ұшыратып отыр. Бұл дегеніміз елімізде ауыр өнеркәсіптің әлі де дамымай отырғаны және ауыр өнеркәсіптің мамандығын меңгеруге арналған мемлекеттің жоспарлары жоқ деп түсінемін. Еліміздің әр өңірінде жол салу, үлкен құрылыстар салу, су қоймаларын жасақтау, оның қауіпсіздігін қадағалайтын ірі компаниялар мен өнеркәсіп орындары индустриалды дамуды жолға қоямыз десе, мемлекет тарапынан «қарапайым қара жұмысшы» деп саналып кеткен мамандықтарды игеретін қызметтің әлеуетін арттырып, жастарды техникалық, индустриалдық салада қызмет атқаруға жағдай жасай алуы керек деп ойлаймын.

Мен өзім оқып жатқан «дәнекерлеу ісі» мамандығымен болашақта елдегі ірі кәсіпорындарда жұмыс жасап, ірі құрылыстарға арналған дәнекерлеу жұмысын атқаруды көздеймін. Ол мен үшін жауапкершілік, себебі менің мамандығым мақтаныш қана болып қалмауы керек, мен оқып жүрген мамандық мақтанатын емес, соны қоғамда жүзеге асыратын іс жасау арқылы көрсететін әрі жақсы табыс табатын механизм болуы шарт.