Қос жерлесіміз – күміс жүлдегер

0 3

Монғолия астанасы Ұланбатор қаласында грек-рим, әйелдер, еркін күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында ел намысын жамбылдық балуандар Рахат Қалжан (57 кг) мен Әлішер Ерғали (125 кг) қорғаған болатын. Жерлестеріміз жерге қаратқан жоқ. Екеуі де Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды.

Алғашқы белдесулерінде Шри-Ланка мен Өзбекстан құрамасының өкілдерінен басым түскен Рахат жартылай финалда қырғызстандық Алмаз Сманбековты тізе бүктіріп, еркін күрестен Құрлық біріншілігінің финалына шықты. Өкінішке қарай алтын медаль үшін жекпе-жекте Әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері үндістандық Рави Кумарға есе жіберді.

Ал еркін күрестен аса ауыр салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Әлішер Ерғали финалға дейін барлық қарсыласының жауырынын жер иіскеткенімен, Азия чемпионатының соңғы жарыс күнінде ирандық боз кілем шеберін еңсере алмады.

Рахат Қалжанның жаттықтырушысы – Әділет Сарыбаев, Азияның төрт дүркін жүлдегері атанған Әлішер Ерғалидың бапкері – Пернебек Беласар.

Қазақстанның ұлттық құрамасы еркін күрестен 1 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.

Жамбылдық қыздар жалпыкомандалық есепте топ жарды

Қостанай қаласында бокстан кіші жасөспірім қыздар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облысымыздың құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Бокстан облыстың аға жаттықтырушысы (қыздар) Алмас Жақыповтың шәкірттері Бахытбек Аружан (36 кг), Абдрахманова Жанерке (52 кг) , Есенәлі Қарақат (54 кг), Шарипова Русалина (58 кг) облыс құрамасы сапында жарқын өнер көрсетіп, чемпиондық тұғырға көтерілсе, Қадырхан Айғаным (48 кг), Вайдеман Валерия (50 кг), Ташбаева Анастасия (54 кг), Жарылқасын Карима (60 кг), Iлес Албина (74 кг) күмістен алқа тақты. Ал Таңқыбаева Айым (38 кг), Романенко Алена (52 кг), Орынбайқызы Айгерім (56 кг) , Тынышбаева Мерей (58 кг), Досалы Алина (63 кг), Тұрсынбек Диляра (63 кг) қола медальға қол жеткізді.