Өңірде медицина, білім және мәдениет нысандары бой көтеруде

0 0

Қызылорда қаласында денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларына арналған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында 300 төсектік көпбейінді аурухана, жаңа емхана, университеттің инжинирингтік паркі мен Президенттік кітапхана бар. Сонымен қатар қаладағы көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған теміржол өткелінің құрылысы жүргізілуде.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жауапты басқарма басшыларымен бірге аталған нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында мердігерлерге жобалардың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына қатысты бірқатар мәселелер назарға алынды.

Алдымен аймақ басшысы сол жағалауда салынып жатқан көпбейінді ауруханаға барды. 300 орынға арналған медициналық кешен бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емхананы да қамтиды. Құрылыс Инфрақұрылымдық даму қоры арқылы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. «Мелиоратор» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба 10 блоктан тұрады. Мұнда қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық, радиология және физиотерапия бөлімдерімен қатар, пансионат қарастырылған. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеуі мен инженерлік коммуникацияларын жүргізу жұмыстары жалғасуда.

Бұдан кейін облыс әкімі Титов шағын ауданындағы №5 емхананың құрылыс алаңын көрді. 400 адамға қызмет көрсетуге арналған медициналық мекеменің жалпы аумағы 8 937 шаршы метрді құрайды. Жобаға 9,7 миллиард теңге қарастырылған. Қазір нысанда ішкі әрлеу және инженерлік желілерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Емхананы жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Қаладағы ғылыми және білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Инжинирингтік паркі. «Орион LTD» ЖШС салып жатқан кешен заманауи зерттеу орталықтарын біріктіреді. Мұнда робототехника, археология, инженерия, IT және жерді қашықтан зондтау зертханалары, жасанды интеллект орталығы, 90 орындық дәрісхана мен 140 орындық конференц-зал орналасады. Жоба университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып, студенттердің практикалық білім алуына мүмкіндік бермек.

Сапар барысында Президенттік кітапхананың құрылысы да таныстырылды. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес қолға алынған нысан 600 мың кітап қорын сақтауға есептелген. Кешенде оқу және конференция залдары, архив, сирек қор, электрондық кітапхана, көрме галереялары, медиалаборатория, балалар аймақтары мен коворкинг кеңістігі болады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер қазу және іргетас құю жұмыстары жүріп жатыр.

Қаланың көлік қатынасын жақсартатын жобалардың бірі – Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол өткелі. Оның іске қосылуы теміржолдың арғы жағында орналасқан Шанхай, Коммунизм және Гагарин шағын аудандары тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, қала ішіндегі қозғалыс қолайлылығын арттыруға тиіс.

Жұмыс сапары соңында Мұрат Ергешбаев сенбілікке қатысып жүрген қала тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және туған өлкені көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

Жалпы, аталған жобалар Қызылорданың медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, ғылыми-білім беру ортасын дамытуға, мәдени мүмкіндіктерін кеңейтуге және көлік инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған. Олардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырмақ.