Абай облысында энергетика саласын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобаның жұмыстары жалғасуда. Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын конденсациялық электр станциясын салу өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесін нығайтуға негіз болмақ.
Аталған жобаның жай-күйі облыс әкімі Берік Уәлидің «ГРЭС Курчатов» ЖШС өкілдерімен өткізген кездесуінде кеңінен сөз болды. Басқосуда құрылыс барысындағы дайындық жұмыстары, инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыру және инвестор тарапынан көтерілген өзекті мәселелер қаралды.
Кәсіпорын құрылтайшысы Темірлан Өтегенов жобаның қазіргі кезеңі туралы ақпарат беріп, нысанды белгіленген мерзімде жүзеге асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде болашақ станцияны сумен және электр желілерімен қамтамасыз ету, қажетті аумақтарды заңдастыру секілді мәселелердің маңызы атап өтілді.
Жобаның ауқымы да айтарлықтай. Электр станциясының қалыпты жұмыс істеуі үшін құрылыс алаңына дейін су құбырын тарту және «Курчатов – Айдарлы» бағытымен 460 шақырымдық, кернеуі 500 кВ болатын электр желісін салу жоспарланған. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін тиісті жер телімдерін рәсімдеу қажет. Осы бағыттағы мәселелерді шешу мемлекеттік органдар мен инвестор арасындағы үйлесімді жұмысты талап етеді.
Берік Уәли жаңа энергетикалық нысанның өңір экономикасы үшін стратегиялық мәнге ие екенін жеткізді. Облыс басшысы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету еліміздің басым бағыттарының бірі екенін айтып, инвестициялық жобаларды қолдау арқылы аймақтың даму қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ инвесторларға облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Кездесу қорытындысында жауапты басқармалар мен Курчатов қаласының әкімдігіне жобаны іске асыру кезінде туындаған түйткілдерді шешу тапсырылды. Атап айтқанда, инженерлік желілерді тарту, қажетті инфрақұрылымды дайындау және өндіріс нысандарына қосымша жер учаскелерін бөлу мәселелері инвестормен бірлесіп пысықталатын болды.
Жалпы құны 881 миллиард теңгені құрайтын жобаны 2026–2032 жылдары толық жүзеге асыру көзделген. Станция іске қосылғаннан кейін жылына 5 миллиард кВт сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Бұл өңірдің энергетикалық қажеттілігін өтеумен қатар, жаңа өнеркәсіп орындарының ашылуына да қолайлы жағдай қалыптастырады.
Бұған қоса, жоба халықты жұмыспен қамту тұрғысынан да маңызды. Құрылыс кезінде 5 мыңға дейін адам еңбекпен қамтылса, станция тұрақты жұмыс режиміне көшкеннен кейін 400 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Курчатов қаласында қолға алынған бұл бастама – жай ғана энергетикалық нысанның құрылысы емес, өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына бағытталған стратегиялық инвестиция. Оның табысты жүзеге асуы Абай облысының өндірістік әлеуетін арттырып, елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.