Виктор Матюхин – өмірдің қиындығына мойымай, өнері арқылы көпшілікке қуаныш сыйлап жүрген ерекше жан. Оның шығармашылығы мен өмірге деген құлшынысы талай адамға жігер беріп, үміт отын жағуда.
Адам өмірінде рухани бай, шынайы әрі талантты жандармен кездесудің орны бөлек. Жуырда осындай ерекше тағдыр иесімен жүздесудің сәті түсті. Оның өмірге деген сүйіспеншілігі мен қайсарлығы кез келген жанды бейжай қалдырмайды.
Бүгінде Меркі ауданының тұрғындары Виктор Матюхинді әнші, ақын әрі блогер ретінде жақсы таниды. Ол физикалық мүмкіндігі шектеулі болса да, өнерге деген махаббатын жоғалтпай, бойындағы талантын дамытып келеді. Керісінше, өмірдің сынағы оны шыңдап, әр күннің қадірін түсінуге үйреткен.
26 жастағы өнерпаз аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, танымал әндерді орындап жүр. Оның репертуарында Ласковый май және Любэ секілді танымал топтардың әндері бар. Шынайы ықыласпен орындалған әндер тыңдарманның жүрегіне жол тауып, көпшілік оған қолдау көрсетуде.
Жерлестерінің ыстық ықыласы Виктор үшін үлкен мотивацияға айналған. Көпшілік оның өнеріне ризашылығын білдіріп, қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл қаражат жас өнерпаздың үлкен сахнаға шығу арманына бір қадам жақындауына мүмкіндік беріп отыр.
Виктордың анасы Елена Анатольевна да отбасына қолдау білдіріп, тапсырыспен түрлі тәтті тоқаштар әзірлейді. Ана мен бала бір-біріне демеу болып, өмірдің қандай қиындығы болса да, мойымай алға ұмтылып келеді.
Әрине, қоғамда түрлі көзқарастағы адамдар кездеседі. Кейбіреулердің теріс пікір білдіретін сәттері де болады. Алайда Виктор мұндай жағдайларға ренжімейді. Оның айтуынша, мейірім мен адамгершілікті түсіне білмейтін жандарға тек жанашырлықпен қарау керек.
– Өмірдің әр сәтін бағалай білу қажет. Адамдарға жақсылық сыйлау – мен үшін үлкен бақыт, – дейді ол күлімсіреп.
Петропавл қаласында дүниеге келген Виктор осыдан он жыл бұрын анасымен бірге Меркіге қоныс аударған. Оның айтуынша, бұл өңірдің жылы климаты мен қонақжай халқы жүрегіне жақын.
Өнерге бала кезінен әуес болған Виктор сүйікті орындаушыларының әндерін тыңдап өсіпті. Бүгінде ол тек ән айтып қана қоймай, өлең де жазады. Оның шығармашылығы – реніш пен өкпеден ада, өмірге деген махаббатқа толы әлем.
Виктор Матюхиннің өмір жолы – қиындыққа мойымаудың, өнер арқылы адамдарға қуаныш сыйлаудың жарқын үлгісі. Оның шынайы күлкісі мен жүрекке жеткен әндері көпшілікке үміт пен сенім сыйлап келеді.