Қызылорда қаласының экономикасын әртараптандыру, бизнестің өндірістік мүмкіндіктерін арттыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту – өңір дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы бірқатар кәсіпкерлік нысанды аралап, сауда, өнеркәсіп, медицина және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалардың жүзеге асырылу барысына назар аударды.
Қаланың сол жағалауында орналасқан «Alem Asia Trade» автокөлік салоны – инвестициялық бастамалардың бірі. Мұнда Оңтүстік Кореяның KIA маркасы бойынша ресми дилерлік орталықпен бірлескен жұмыс жолға қойылған. Кәсіпорын 21 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта ай сайын орта есеппен 20 автокөлік сату жоспарланған. Жобаның іске асуы өңірдегі сауда қызметінің дамуына және жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына мүмкіндік береді.
Өндіріс саласындағы жобалардың бірі – «Достық» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі шыны пакет шығаратын цех. Былтыр пайдалануға берілген кәсіпорында ПВХ профильдерін ламинациялау және шыны пакет өндіру жұмыстары жүргізіледі. Жылына 1 миллион шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы нысанда 27 адам еңбек етеді.
Кәсіпорындағы автоматтандырылған жабдықтар өндіріс уақытын қысқартуға жол ашқан. Бұрын бір шыны пакетті дайындауға 10 минут жұмсалса, қазір бұл жұмыс небәрі бір минутта орындалады. Сонымен қатар өндірісте пайдаланылатын шикізаттың 90 пайызына жуығы Қазақстаннан жеткізіледі. Негізгі жеткізушілердің қатарында Қызылорда қаласындағы «Orda Glass» серіктестігі бар. Жобаны қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер, мемлекеттік субсидиялар және «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы қатысқан.
Медициналық қызмет көрсету саласында да жаңа мүмкіндік қалыптасып келеді. Биыл мамыр айында жұмысын бастаған «Медстрой-Шаңырақ» нейромед протездік-ортопедия орталығы тұрғындарға арнайы медициналық қызмет ұсынып, оңалту бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге арналған. Орталықта 10 маман жұмыс істейді. Қажетті жабдықтар Қытай мен Ресейден әкелінген.
Ал Абай ауылында ауыл шаруашылығына қатысты ірі жоба жүзеге асырылуда. «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігі 7,5 миллиард теңге инвестиция құйып, 800 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салуда. Қазір алғашқы екі қоражайдың құрылысы жүріп жатыр. Нысанды желтоқсан айында пайдалануға беру көзделген. Жоба толық іске қосылғанда 50 адамға жұмыс орны ашылады.
Облыс басшысы аралаған нысандардың бағыттары әртүрлі болғанымен, ортақ мақсаты – өңірдің экономикалық белсенділігін арттыру. Жаңа өндіріс орындары отандық өнім үлесін көбейтуге ықпал етсе, сервистік және медициналық жобалар тұрғындарға ұсынылатын қызметтердің аясын кеңейтеді. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция өндірістік инфрақұрылымды дамытуға негіз болады.
Жобалардың жоспарға сәйкес жүзеге асуы кәсіпкерлік ортаның нығаюына, еңбек нарығындағы мүмкіндіктердің артуына және өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етпек.