Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы бұлақ — өңір халқына, әсіресе облыс орталығының тұрғындарына кеңінен танымал су көзінің бірі. Мұнда таза су алу үшін жан-жақтан арнайылап келетін адам көп. Жуырда бұлақтың айналасында абаттандыру жұмысы аяқталды. Бұл жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының бір тармағы — «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының аясында жүргізілді. Бұлақ маңы реттеліп, келушілерге демалып отыруға, су алуға қолайлы жағдай жасалды.
Осыған орай Маржанбұлақта салтанатты жиын ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров пен Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, ауыл тұрғындары, ардагерлер, «Жасыл ел» жасағының мүшелері қатысты.
Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының аясында жасалып жатқан жұмыстардың маңызына тоқталды.
— Туған жерге деген құрмет, бірегей табиғи нысандарды ұқыпты пайдалану —қоршаған ортаға ғана емес, сонымен бірге келер ұрпаққа деген жанашырлықтың да көрінісі. Бұлақты абаттандыру — осы бағытта қолға алынған жұмыстың бірі. Бұлақтар ежелден-ақ адам өмірінің ажырамас бөлігі, тіршілік нәрі әрі табиғат тазалығының символы ретінде ерекше құрметтелген.
Осындай табиғи нысандарды тазалау және абаттандыру жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының шеңберінде қолға алынды. Облыста Маржанбұлақтағы жұмыстармен қатар, тағы 14 бұлақта тазалау және абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Бізді осындай бастамаларға тұрғындардың жанашырлықпен қарайтыны, табиғи су көздерін сақтауға өз үлесін қосуға тырысатыны қуантады, — деді Асхат Берлешұлы.
Экологиялық акция аясында Маржанбұлақтағы бұлақтың айналасында бірқатар жұмыс жүргізілді. Бұлаққа апаратын ыңғайлы баспалдақ орнатылып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселді. Бұлақтың көзі табиғи таспен қоршалды. Сондай-ақ келушілерге арнап орындықтар, күн сәулесі мен жауын-шашыннан қорғайтын шатыр қойылды. Аумақ толықтай металл қоршаумен қоршалып, гүлдер егілді және оған іргелес алаң да абаттандырылды. Жобаның жалпықұны— 5,9 миллион теңге. Ал бас мердігері — «RahmetGroup» ЖШС. Жобаны жүзеге асыруға демеушілер қолдау көрсетті.
Іс-шара соңында Асхат Шахаров жобаны іске асыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, мұндай табиғи нысандарды сақтау — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
— Осы ауылда 40 жыл бойы тұрып келемін. Үйімізге құбырмен су келіп тұр. Дегенмен ауылда табиғи су көзінің болғаны да — ғанибет құбылыс. Ауылда басқа да бұлақ көздері бар. Күнделікті ас-суға осы бұлақ суын пайдаланып келеміз, — деді ауыл тұрғыны Серікбай Құлжабай.