Қызылорда өңірінде экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 триллион 900 миллиард теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл 100 миллиард теңгеге 21 жоба іске қосылады деп жоспарланған. Соның бірі – жақында Арал қаласында ашылған түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт. Ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Жаңа зауыттың жылдық қуаты шамамен 400 тонна. Бүгінгі күні зауытта 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдыру үшін күніне 20 мың литр сүт қажет. Бұл жергілікті тұрғындар үшін тиімді болмақ. Түйе сүтін күнделікті өткізіп, тұрақты табыс табады. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру мақсатында келісімшарт жасалып жатыр. Алдағы он жылда Қытай нарығына экспортталады. Мемлекеттік қолдау аясында индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі берілген. Сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытайдан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
Облыс әкімі зауыттың ашылу салтанатында:
– Бүгін ашылып отырған түйе сүтінен ұнтақ шығаратын зауыт өңір экономикасының дамуына тың серпін, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек», деген болатын. Осы ретте аймағымызда ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Қазақ Кэмел» компаниясының 3 миллиард теңгеге салынған, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын осы зауыты. Жалпы, елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан бұл – бірегей әрі маңызды жоба», – дей келе ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және зауыттың іске қосылуына атсалысқан азаматтарды облыс әкімінің Алғысхатымен марапаттады.