Келісімге бастаған кездесулер

0 2

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сычуань провинциясының губернаторы Ши Сяолиньмен кездесті. Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.

– Қытай негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз болғандықтан, өзара тауар айналымы мен инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қызылорда облысында қытайлық бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеудің берік негізі қаланғанын, мол тәжірибе жинақталғанын атап өткім келеді, – деді Н.Нәлібаев.

Сыр өңіріндегі 15 мұнай өндіруші компанияның 8-і – қытай кәсіпорны. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылуда. «Чайна Гежуба» компаниясымен бірлескен цемент зауытында жылына 1 миллион тонна цемент өндіріледі. «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен ашылған шыны зауытының қуаттылығы – жылына 197 мың тонна табақша шыны. Зауыт өнімінің 30 пайызы ішкі нарыққа жіберіліп, 70 пайызы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады. Бүгінде шыны кластерін құру бойынша жаңа ілеспе жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.

Аймақ делегациясының Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында елшілікте бірнеше маңызды келісімге қол қойылды. «Саутс-Ойл» ЖШС мен Қытайдың «Carrie Technology Holding Limited» компаниясы арасында мұнай саласындағы ынтымақтастық, «Абзал және К» ТС мен «Hubei Yongxiang Food Processing Machine» компаниясы арасында күріш өндірісі саласындағы келісім және «Алтын орда» ЖШС мен «Jiangsu Hanpu Mechanical Technology» компаниясы арасында тұз өндіру саласындағы әріптестік орнатылды.

Аймақ басшысы облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтып, Қытай компанияларын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

– Қызылорда облысында минералды шикізат ресурстарының, атап айтқанда мұнай, газ, полиметалл және уран қоры мол. Тау-кен металлургия саласындағы ерекше назар аударатын жобалардың бірі «Шалқия Цинк LTD» акционерлік қоғамының полиметалл кен орындарын игеру бойынша арнайы ұсынысымыз бар. «Шалқия Цинк» жобасы бойынша жылына 4 миллион тонна кен өңдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта жерасты жұмыстары басталды. Жобаға 309 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Өндіріс осы жылдың II тоқсанында, ал байыту фабрикасы 2026 жылы іске қосылады. Оған дейін «Шалқия» кені еліміздегі басқа байыту фабрикаларында өңделетін болады. Қазір кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді, ал фабриканы іске қосқаннан кейін 1500-ге артады. Бұл өз кезегінде аймақтың еңбек нарығына оң әсер етеді.

Сіздерді бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Облыс әкімдігі тиісті жер телімін беруге, инженерлік-инфрақұрылым жеткізуге, өндірілген өнімді сату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі мен жауапты сала басшылары, Сыр елінің кәсіпкерлері Бейжің қаласында қытайлық «Geo-Jade Petroleum Corporation», «KALE Group», «East Hope Group» компанияларының басшыларымен кездесіп, мұнай-газ, тау-кен металлургия салаларына инвестиция тарту және «Шалқия» жобасы бойынша келіссөздер жүргізді.

Облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған.