Елеу Құрманбаев 1994 жылы Сарысу ауданы Жайлаукөл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасы 1998 жылы Жуалы ауданына көшіп келгенде Елеу небәрі төрт жаста еді. Бала кезден әдебиетке қызығып, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын сүйіп оқитын ол №4 Мыңбұлақ орта мектебін тәмамдаған соң, Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтына қазақ тілі және әдебиеті мамандығына оқуға түседі.
Бүгінде Елеу «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен №30 Көктөбе орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі тәлімгер болып еңбек етеді. Екі жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп жүрген ол оқушыларды қазақ тілінде жетік сөйлеуге, айтар ойын анық әрі тиянақты жеткізуге үйретуде. Айтса айтқандай-ақ шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жас маман әсіресе, мектептің 11 сынып оқушысы Айгерім Аманбектің шәкірттерінің алды екенін және талабы үлкен үздік оқушы екенін алға тартады. Елеу Жарылқасынұлының сөзінше, жастық жігердің барында бар күшті еңбекке, оқуға жұмсау қажет және берекелі болуы үшін қандай жұмыс істесе де сүйіп істеу керек.
– 2018 жылы шаңырақ көтердім. Жарымның есімі – Арай. Ол Көктөбе орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда Қазыбек, Әбдірахим және Әбдікәрим есімді ұлдарымыз бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жас отбасылар үшін тиімділігі өте жоғары. Бағдарлама туралы ести сала, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне барып, қажетті құжаттарымды өткіздім. Аталған бағдарламамен бүгінде Қосбөлтек ауылынан тұрғын үй сатып алып отырмын. Сонымен қатар бір реттік жәрдемақыны да алдым. Қуанышымда шек жоқ. Ауылда қаламын, еңбек етемін деген жастарға мүмкіндік өте жоғары.
Мені қынжылтатыны, бүгінде ата-ана баланың рухани құндылығын арттырудан гөрі, материалдық жағдайға көбірек мән беріп кеткені. Бұл дұрыс емес. Егер ата-ана баланың болашағына шынымен алаңдаса, рухани дамуына, білім алуына көңіл бөлгені дұрыс деп санаймын. Айтыскер ақын Бауыржан Шермеддинұлының:
Қаланы қопардың да, шайқадың да,
Бірақ бақыт таппадың, байқадың ба?
Бақыт деген қалаға барған жоқ қой,
Бақытты болғың келсе, қайт ауылға!», деген «Қалаға хат» аталатын керемет өлеңі бар. Сол секілді, жұмыс істеймін деген жастарға ауылда да жұмыс табылады, – дейді Елеу Жарылқасынұлы.
«Әкеге қарап ұл өсер», демекші, кейіпкердің сөзіне сүйенсек, әкесі Жарылқасын қазақ әдебиетіне, тарихқа жақын болған. Сондықтан ертегі, аңыз-әңгіме айтудан еш жалықпай, Елеуді жастайынан шыншыл болуға, төзімділікке, адалдыққа, сабырлыққа және еңбекқорлыққа баулып өсірген. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, әкесі 2016 жылы ауыр науқастан қайтыс болыпты.
Елеудің ендігі мақсаты – өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліне құрметпен қарайтын, қазақ тілін жетік білетін, мықты, патриот шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеп, өсіріп отырған ұлдарын да қазақ әдебиетін терең меңгеруге күш салу.